20.08.2022
  69


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

2030

Осынау ғалам да жоқ халқыма ардақ,
Аллаң да шашқалы тұр алтын арнап:
2030 дейтін жыл келеді,
Алашты магнитше тартып - арбап.
Ақын боп арнасынан асып-толған,
Таяқ жеп талтандаған пасықтардан,-
80-ге мен де келем,(сол жасында
Гёте де жас аруға ғашық болған).
Ай - Жермен,
Жер - Күнмен бір қозғалады.
Уақыттан жоқ қой шырқап озған әлі.
Көреді сонда біздің қазақ елі
Һалифат дейтін Бекзат бозбаланы.
Сол мырзам күлім қағып Күнге қарап,
Ойлансын түнек басқан түнге қарап,
Толғансын көгін ашқан гүлге қарап;
Өмірі бір нәрсеге ділгір қылмай,
Өсірем үлдеге орап, бүлдеге орап!
Мен барда қай сұм оны жасытады?
Көңілі көк теңізді тасытады:
Бір үзім нанға зар боп өспесе екен,
Бір елдің миын ертең ашытады.
Ел деген - езге азық та, ерге - қанат.
Егерде маған тартса шерге қалад;
Тұқымы Ақсұңқардың қайсы десе,
Тұнжырап отырмайды жерге қарап!
Алдыңда соның - менің бар асылым.
Ақтайды ақ сүтін де анасының.
Жатпайды интернатқа мен тұрғанда,
Сатпайды бір кәуірге Алаш ұлын!
Ай - Жермен,
Жер - Күнмен бір қозғалады.
Уақыттан жоқ қой шырқап озған әлі.
Жолына шашу шашып, қарсы ал, елім,
Һалифат дейтін Бекзат бозбаланы!





Пікір жазу