20.08.2022
  89


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

Наталья Гончарова ханымның

Наталья Гончарова ханымның
Өзімін-деп-айта алмай,
Немесе, оның осындағы тірі бір
Көзімін-деп-айта алмай, -
Сері Пушкин болмаған соң қасында,
Асып туған арулығың байқалмай, -
Жарты жан боп,
Айнала алмай бүтінге,
Нүкте болмай,
Жүрсің ұқсап үтірге;
Пушкинің жоқ қолтығыңда, - Дантес бар,
Е, Құдайдың бергеніне шүкір де!
Жүргенменен ер-ұланға бай елде,
Екі Пушкин болған еді қай елде?
Е, болмаса - қойсын... Бірақ, бір Дантес
Керек екен сендей керім әйелге.
...Наталья жүректе тұр діріл боп,
Тарихта жүр жүзі тілім-тілім боп, -
Жылын күтпей, қайран, Пушкин марқұмның
Генералға еріп кеткен пірім деп...
Бүгіні де аңыз болған, өткені -
Пушкин - жұлдыз,
Не - Ай мен Күн көктегі.
Дүниеге нұр шуағын төккелі,
Қайда ол сонау көкке жөнеп кеткелі?!
...Наталья жерде қалды, - аспанда
Генерал жоқ, Дантес те жоқ, өйткені.





Пікір жазу