20.08.2022
  94


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

МЕН

Сарыарқа, самалынды есіп жүрдім,
Жауһардай жамалыңды кешіп жүрдім.
Кіндігі Әлиханның түскен жерде,
Ер жеттім, етек жаптым, есім жыйдым.
Бірінен бірі өтетін сорақысы,
Заманның көзбен көрдім не сұмдығын...
Болмысы Түркі дейтін халық болған,
Шөже ақын Сарыарқада салыпты ойран.
Қасынан Жамантайдың, мәңгілікке
Дамылдап жатар жерін алып қойған;
Манастың тұлпарының, осындағы
Екеуіміз екі ізі едік - қалып қойған;
Кесілген Хан Кененің Өр Басы үшін,
Өз басын құрбандыққа шалып қойған!
Ақбайдың Жақыбы ғой - Алаш елім,
Бересі ем біреуіне, аласы едім.
Күләштің көмейдегі бір дауысы,
Көзінің Әлімханның қарасы едім.
Бір жағы - Қарқаралы, бір жағы - Алтай,
Аспан мен Ақсораңның арасы едім;
Әлемнің дидарында Мен бір мұңмын,
Әсеттің кеудедегі наласы едім;
Һалифа дейтін Аққу аялаған,
Ақсұңқар дейтін Құстың Баласы едім!
Адамзат дейтін асқақ патшалықта,
Алашым, алар орның дара сенің!
Жейтұғын жеміт алған есін құлдың!
Көркіне көз салайын несін - күңнің?
Тілі - жат, пірі - жатқа басын иген,
Тірлігін тәрік қылып кесірлі ұлдың, -
Ғаламзат құлағына шалынбаған,
Қазақта - Қара Өлеңнің десін білдім;
Толғатып Алаштайын жыр туа алмас,
Неге, Алла, басқаны тұл-жесір қылдың?!
Дәуірден - дәуірлерге көшін тартқан,
Дәурені барады өтіп есіл жырдың...
Дәурені өтсе-өтсін есіл жырдың, -
Безініп дүниеден опасы жоқ,
Сезініп Кемпірбайдай киесін жырдың, -
Сырты - һас сұлу, іші - ылас фәниді
Көзіңше Қара Өлеңмен шешіндірдім...





Пікір жазу