НАҒАШЫ ЕЛ
Керней, сенің пірің Көк Бөрі еді.
Көк Бөрі айтып жатыр көкке нені?
Көк Түрік көзден ғайып болғаннан соң,
Көрінбей, о да саған өкпеледі.
Асау ең, аламанда алқынбаған,
Алашта оқшау сенің парқың маған
Қазақтың хандығының шаңырағына,
Шаңшаған уығың тұр алтындаған.
Алыстың - шылбырынды үзе алмадың,
Алдында ңәсіліңнің қызармағын:
Тексіздей көрінгенге көз салмадың,
Жеткізбей жеті атаға - қыз алмадың!
Сынынды алмай заман - сырынды алған,
Тәңіріден тұла бойға жылу қонған.
Ұлының бәрі содан баһадүр боп,
Қызыңның бәрі содан сұлу болған!
Тұлымы желбіреген, кекілменен,
Тұяқ жоқ тұқымыңда жетілмеген.
Жеті атаң түгіл, жетпіс атаңда да,
Болмаған жесір деген, жетім деген!
Ертегі, аңыз болған өткен ісі,
Қазақтың жердегі емес - көктегісі;
Көк туы желбіреген Алашымның,
Керней -
Көкке ұлыған Көк Бөрісі!
Керней - керегелі нағашы елім!
Мен сенің бір қызыңның баласы едім.
Көк Бөрі, Көк Түрік кеп сайран салған,
Алтай мен Ақсораңның арасы едім!
Көк Бөрі көкжиектен көрініп бір,
Қарап тұр қабырғасы сөгіліп құр;
Һалифа анам-дағы «Аруақ!» деп,
Менімен осында кеп егіліп тұр...