20.08.2022
  129


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

БІР ҮЙДЕГІ БЕС АРУ

Бір үйдің бес аруын көріп - текті,
Көзімді Күннің нұры көміп кетті:
Көгімді бес-ақ жұлдыз жарық қылып -
Қалғаны - көз алдымда сөніп кетті!
Патшаның өзін тең деп ойлатпаған,
Түбіне жүрегінің бойлатпаған:
О, Алла-ай, айнада да арман бар ма?
Алдында он бұрым кеп ойнақтаған!
Гүлкерім, Күнсұлу мен Айарудай,
Аңыздың басы менен аяғындай.
Эпостан Қозы Көрпеш деген ердің,
Жіберген sмs-пен Баянындай!
Еңліктей елге машһүр атағы ірі,
Жаһанның жаулай алмас жат ағымы.
Кебегі жоқ-ау деймін,
Жырға орайтын -
Жоқ, сонсоң, Шахтай Бекзат Шәкәрімі!
Ғабеңнің, үшіншісі - Ұлпанындай,
Тұра алмас хан иіліп, құл - табынбай.
Ұлтымның берекесі кетпесе екен,
Ұлпанға Есенайдай ұл табылмай.
Біреуі - Біржан салдың Сарасындай,
Көргем жоқ дүниеден жан осындай!
Көре алмай дүниеден жан осындай -
Көзді ашып-жұмғанша өмір өте шықты,
Есік пен төрдің ғана арасындай...
Керексіз тақ та, бақ та, байлық - маған,
Жүрегім жан ем жұрттан қаймықпаған:
Сүт кенже - Ләйлә аруын көрген сайын,
Жұматай шәйірдейін ләйліп барам…
Ақын боп Алатауды өрледім кеп,
Қасқайып отырмадым төрге кім боп.
Бес күндік дүниеде - фәни жалған,
Бес қыздан басқа түк те көргенім жоқ..





Пікір жазу