ЖЕТІСУ
Түркілерде Алманың Атасы -
Бұл.
«Алматы» деп қазақтар шатасып жүр.
Жеті Өзен боп мұхиттың үштен бірі,
Жеті Жарғы төбеден түскен күні, -
Көк аспанда,
Жерінің астында да,
Көк Тәңірдің жүріп тұр үстемдігі.
Түн де қатып, ерісе таңда - мұзы,
Күні біткен күйкінің қалмады ізі.
Арындамай, қайтейін, арулар-ай,
Албыраған алмадай алма жүзі!
Шығып көрші бағынан кіріп кетіп,
Хан Тәңірі еңсеңді биіктетіп
Жас алма мен жас ақын өседі екен,
Ескі-құсқы еріксіз шіріп кетіп...
Бұдан құрап өлеңді, одан құрап
Жүрген мына шәйірге обал,бірақ:
Көк Тәңірі сала ма оған көзің,
Хантәңірі ала ма одан қуат?
Жеті Өзен боп мұхиттың үштен бірі,
Жеті Жарғы төбеден түскен күні,-
Жерұйыққа айналған Жетісуға
Дәлдүріштің жүрмейді үстемдігі!
Жеті Өзеннің жанары тұнық көк-ті,
Шүршіт көріп - ішінен тынып кетті;
Жетісудың жүрмен деп жел жағынан
Қалмақ кетті...
Тұқымсыз құрып кетті!
... Көк Түркіңе ұсын деп қолда барды,
Көк Тәңірі мені де қолдаған-ды:
Неге кетіп барамын Жетісудан,
Жеті бірдей қазынам сонда қалды...