20.08.2022
  79


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

ЭПИЛОГ

Қара күл, қара шаңды ап,
Қолыңа қара да тұр:
Қараорман - қара шаңырақ,
Тұл болып бара жатыр,
Пұл болып бара жатыр!
Қасыңа бара алмадым,
Қалдым да омала құр:
Қайда Алаш - Қараорманым -
Содом мен Ғомора бұл!
Жан мен тән аласұрды.
Кеш, Алла, Алашыңды!
Түсейін сабама кеп,
Күнәсыз бала сынды,
Ішейін қара суды!
Енді ұқты есі кіре:
- Тәңірін - ұлы! - деп бұл.
Құнанбай мешітіне,
Камалтин мешітіне
Құдайдың құлы кеп тұр!
Көз жасын сығып, арып,
Сандалып сансырамас,
Құранға шығып алып,
Құдайдан нан сұрамас!
Өзегін өртеді өлең,
Қиырсыз қия-белі -
Тәңіріне еркелеген
Түркінің тұяғы еді.
Тәңірі!
Үй-іші - кеңіп,
Пендеңе зарлы, мұңды,
Сел-сел ғып құйшы келіп
Махаббат, жаңбырыңды,
Таң нұрыңды!
Қажыдым қара күлден,
Қарау ой, қаралы үннен.
Абайға барамын мен!
Аллаға барамын мен!!!
Ел болар есі кіре:
- Тәңірін - ұлы! - деп құл.
Құнанбай мешітіне,
Камалтин мешітіне,
Құдайдың құлы кеп тұр...





Пікір жазу