20.08.2022
  98


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

Сэм ағай

Сэм ағай, кел, төріме шык, жоғары,
Дүниенің сенсің қыдыр қонағы.
Мынау менін Мәңгүрт байым болады,
Мынау менің Мәмбет байым болады,
Сенің даңқын өртеп біткен өзегін,
Мәңгүртім де менсінбейді өз елін.
Құйрығын жеп, майын ішкен көженің
Мәмбетім де менсінбейді өз елін.
Барар жер жоқ, басар тауы - Сокыр бір!
Жемтік көрсе қарғадайын шоқыр кіл.
Өз жерінің қазынасын өзі ұрлап,
Өз еліне өзі күліп отыр -
Бұл!
Ұлтын көрсе - ішер астан қақпайлар,
Қыртын көрсе - шапан жауып, ат байлар.
Анасы оның Алаш емес -
Құл мен Күң!
О, тегіңе тартпай қалғыр,
Тартпай қал!
Мәңгүрт те - мәз,
Мәмбет те - мәз, елжіреп,
Мұхит асып Сэм ағайым келді деп.
...Пушкинді оқып тауысқандай,
Екеуі--
Уитменді окып жатыр енді кеп.
Кел, Сэм ағай, көтеріліп өр еңсе,
Мен де біраз жырлайыншы Гомерше:
О, дүние-ай, осы екі шонжардан,
Екеуміздің көсегеміз көгерсе,
Мен де біраз жырлайыншы Гомерше!
Мемлекеттік буржуазиям - осы -
Інің!!
Түс үңгірге!
Одан неге шошыдың?
Мемлекеттік люмпен-пролетариат -
Шаша салған шаранасы осының!
Мен аспанда ұшып жүрген бұлт едім,
Телегей бір теңіз-нөсер ұлт едім,
Техас болам әлі мен де,
Қалаға -
Көшіп келді, міне, күллі люмпенім.
Түс үңгірге, жан-жағыңды аңдап ап,
Бүрге талап,
Аузы-басы қан жалап, -
Жүрген шығар Франсуа Вийоным*,
Қаламсап ап қолына һәм қанжар ап!
Қайтсін бұлар оның жырын?!
Қақпайлар!
Ана тілі--аспанға атқан ақ қайнар:
Атасы оның - Көк Тәңірі көктегі,
О, түбіңе тартпай қалғыр,
Тартпай қал!
Сэм ағай, кел, төріме шық, жоғары,
Дүниенің сенсің қыдыр қонағы.
Мынау менің Мәңгүрт байым болады,
Мынау менің Мәмбет байым болады.





Пікір жазу