20.08.2022
  106


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

Қараорман

Дегелеңге дауасы жоқ дерт енді,
Қарқаралыда - Қараорманым өртенді.
Қараорманым...
Үрпиді де тұлымы,
Қараң қалып - құрыды.
Қарқаралы тауын аса бергенде
Қаракөздің түсіп қалды бұрымы!
Тамұқ оты - тасында,
Ғабдиман да көрінбейді,
Қасым да.
Қара жылан ордасымен көшіп кеп,
Ысылдап тұр -
Қарқаралы басында!
Сұлулық бір сәтте - өлді!
Қарқаралыны қара дию қақ бөлді.
Жұмақ жатқан бауырында сол таудың,
Көз алдымда Тамұқ оған тап берді!
Өрт түбіне, дерт түбіне жетер ме ой?
Мұқағали айтқан: бәрі - бекер ғой,
О, Тәңірі, Жұмақ пенен Тамұқтың
Екі арасы-- бір-ақ қарыс екен ғой!!!
Дәуітәлі ағам айтып кеткен анығын,
Көзбен көрдім,
Тамам ойын таныдым:
Осы жерде - Өмірім мен Өлімім,
Осы жерде - Жұмағым мен Тамұғым!
Сарыарқада осы жұмақ - аралым,
Жұмағымда Мәжнүн болып барамын.
Хор қыздары Шайтанкөлдің бетінде,
Қара шашын тарқаттым да,
Тарадым!
Аралымда ашылды да араным,
Мас болдым мен сарқып ішіп шарабын,
Қарағайдай жас болдым мен, қарағым!
Нұры ашқанда саңылауын сананың,
Гүл ашқанда...
Жас шыланып жанарым,--
Айдау жолмен адамзатқа жол тартып,
Қарқаралыдан -
Ғаламзатқа қарадым!
Әкем- дағы айта алмады: «Тоқта!» деп,
Шешем- дағы айта алмады: «Тоқта!» деп.
Қапылыста түсіп кеттім бір күні,
Қасымнан бір қалып қойған отқа кеп...
Қараорманнан бұрын түсіп отқа кеп,
« - О, Тәңірі, өрт басарың жоқ па?!» деп,
Сұрап едім,
Тіл қатпады ол маған,
Тұла бойым - содан бері соқпа дерт...
Шыбын жаным бір тіріліп, бір өлді,
Көкірегімнен көк аспанға жыр өрді.
Жиделісай өңі кіріп, құлпырып,
Жиренсақал өксіп-өксіп жіберді...
Сонан шыққан Әлихандай,
Әлімхандай ұлт үні,
Жасындайын жойқын екен күркірі.
...Жұмағымды біреулерге тастай сап,
Мен Тамұқтан бір-ақ шықтым бір күні...
Өрт түбіне,
Дерт түбіне жетер ме ой?
Мұқағали айтқан: бәрі - бекер ғой,
О, Тәңірі, Жұмақ пенен Тамұқтың
Екі арасы-- бір-ақ қарыс екен ғой!!!





Пікір жазу