20.08.2022
  113


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

Зар

Дегелеңді дерт алды,
Қарқаралыны өрт алды.
Шыңырауда көзі біткен бұлақ - тұл.
Өзегіне өрт кеп түскен құрақ - тұл.
Алматыда, Көшесінде Сайынның
Ұлттық Ұят бетін басып,
Жылап тұр!
Бозда, жаным...
Замананың перісі,
Арамданған ауылы мен кеніші:
Сен - қазақтың соңғы шерлі Жамалы,
Мен - қазақтың соңғы Ақан Серісі!
Бозда, жаным...
Шырқ айналған шағалам,
Қалай сені қанатыңнан қаға алам?
Көз жасыңнан көкірегіне өрт түсіп,
Бір ұл туар Ұмадайын Анадан!
Сенің жұртың босқын еді,-- бодан да,
Бодан ұлыс оңбаған еш қоғамда.
Тәңірі өзі айдап шыққан бір кезде
Қайта кірдік Ғомора мен Содомға.
Бозда, жаным...
Өзегіңе от толып,
Күнәһар боп күңіренші,--
Сот болып!
Тәні қалып Ғомора мен Содомда,
Ұлттық Рух ұшып кетті...
Жоқ болып!!!
Алашым жоқ!
Сайтан соққан,
Сорлаған...
Мен - Төлеген,
Қыз Жібек-ті
Ол - маған!
Махаббат - құс, қос қанаты қайрылып,
Ұшамын деп көкке қанат қомдаған:
Оны-дағы қортық Қодар қорлаған,
Сені-дағы қортық Қодар қорлаған!
Алашым жоқ!
Сайтан соққан,
Жоқпын оған мен де,
Жоқ қой Ол - маған!
Ұлы кеткен Ғомора мен Содомға,
Қызы кеткен Ғомора мен Содомға,
Мен қазақтың соңғы ақыны сорлаған..





Пікір жазу