Қарқаралы
Ей, қойшы, күнім... Осынау бейіш, салқын бақ
Жаныма жағып, отырмын мен де салқындап.
Бұтада осы жайғасып, біраз дем алам,
Креслосын кім берер дейсің алтындап.
Ей, қойшы, ей, күнім... Иран бағыңнын іші - не?
Имандай шыным: осы жер кірген түсіме.
Осы бір тоғай, осы бір тау да жетеді,
Патша бола алмай, ақын боп кеткен кісіге.
Иә, білем осы көгалға көктен қарадың,
Ташкенде талай сұлудың шашын тарадың,
Шайтанкөлдегі Ләйләні көрген жоқсың ғой,
Көргенде оны не болар едің, қарағым.
Не деген ғажап мөлдіреп аққан тоғаны,
Қарқаралыдай ғаламда бір жер жоқ әлі.
Патша болмайын деп пе едім осы аймаққа,
Ақын боп кеттім - өзіме соның обалы.
Ей, қойшы, ей, күнім... Айтпашы иран-бақтарды,
Сайрады, әне, жан сырын құстар да ақтарды.
Патша болған соң құлдану керек біреуді,
Мен бала күннен сүюші ем Спартактарды.
Альпіге шығып, асқарға аяқ салдың ба?
Ей, қойшы, ей, күнім... Қалайық осы шалғында.
Жиренсақалдың басына шыксаң мен құсап,
Жаһана күллі жатпаушы ма еді алдыңда.
Арабқа барып, Алашқа көктен қарадың,
Шалқып та іштің Шам шаһарының шарабын.
Мен саған күллі ғаламды бере салайын,
Қарқаралыны бір күнге берші, қарағым.