20.08.2022
  122


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

Баймағанбет пен Шернияз

Дегелеңде - дерт,
Қарқаралыда - өрт.
Исатай мен Махамбет болу қайдан-ды,
Шернияз - құс тас төбемде айналды.
Маған да бір Баймағамбет керек-ті -
Тауып алдым!
Қайран көңіл жайланды.
О, дүние-ай, шексізден де шексіз - дүр,
Кеудемдегі сырымды айтсам кексіз бір, -
Тексіз болды, бірақ со бір Байекем,
Бетсіз болды -
Сөз ұқпайтын бетсіз бұл!
О, Байекем, көріп болғам күштіңді!
Көңіл күпті,
Қан қарайған,
Іш-мұңды;
Сен орысша сөйлейсің ғой - сөйлеші,
Менен терең түсіне алсаң Пушкинді.
Көсемдікті қой да, одан, кел, түңіл:
Сен Абайды оқымайсың, мен түгіл.
Бір шыбықпен Алашты айдау - арманың,
Біз бір - жүрген ел ішінде еркін ұл,
Колбинді де көрген жұртпыз, --сен түгіл!
Қой, Байекем, күн тиместен - ірімей,
Қой, Байекем, су тиместен - шірімей.
Шернияздар шейіт болып тым ерте,
Шерін соның тартқыздың-ау тірідей!
Арулаймын деп жүргенде ұлт арын,
Тозып бітті ұятым мен ұлтаным;
Мені саған қор ғып, қайда кетті екен,
Қайран, менің Баймағамбет сұлтаным?
Дегелеңде - дерт,
Қарқаралыда - өрт...





Пікір жазу