Өрт
Құлашын төскейдегі өрт серпе келе,
Құлады төсектегі көрпеге де.
Үйездеп, есі шығып лағып қалған
Мына жұрт үйде отырып өртене ме?!
Аллаң да, адам да-- ұмыт, Ар--дағы ұмыт.
Елде енді ес жиюға қалмады үміт.
Аярмен арбасуға халі келмей,
Алашым лағып отыр барға кіріп...
Көңілде ой, көкте, әне, Ай адасып жүр,
Барады қайда жөнеп Алашым бұл?
Ақсақал, қарасақал төрде отырған,
Бір басқа мас боп неге таласып жүр?!
Біреуі Қырымға асып,
Ұрымға асып,
Абылайсыз қосылмаған бұрын басы.
Көшімді кім бастайды өрге қарай?!
(Бәрі де мына шалдың - Ру басы!)
Қашан да бір оңалмай қойған ісі,
Сұм заман!
Ойында - ойран, бойда - мысы:
Ойнаған неше түрлі оңбағанмен,
Келіп тұр қазақпенен ойнағысы.
Топырақта ата-баба құты калған,
Сайтаннан қалай қашсам құтыла алам?
Еліімді салайын ба?!
Қалғаны - сол!
Жерімді...
Баяғыда-ақ ұтып алған!!!
Жалмауыз дүниеде, іші кепкір,
Сандалам...
Абылайдың түсі деп - бұл.
Алдына құс салмайтын Құлагерім
Етке өтіп бара жатып,
Кісінеп тұр!
Заманның арты кең бе,
Басы - қыспақ,
Арбаса «Хан-талапай» - асық ұшпақ.
Мен жүрмін Батыраштың базарында,
Қолыма Құлагердің басын ұстап!