АҚЫН
Тәңірі нұрын құйған соң ой мен сезімге,
Қомсынып қоғам, ортаны, -
Менсінбейді ақын мемлекетіңнің өзін де.
Өйткені, өкімет өлеңнен өле қорқады.
Көргені азап Жерге кеп,
Аспаннан анау түскеннен.
Пері біткеннен именген емес пенде боп.
Өйткені, Рух - қаһарлы қара күштерден.
Түнектен кетті Ол - Жарыққа.
Жүрген жоқ мұнда күйкілер құсап көйіткелі.
Ақынды қарсы қоймаңдар Ұлы Халыққа,
Ол өзі - Халық, өйткені!!!
Сұм тобыр итше күшіктеп жатыр...
Тұлға - өліп!!!
Сайтанның сойқан зілі - бұл.
Құрыды ел құлға - құл болып!
Аллаға ғана бас иген Ақын тірі жүр!!!
Тәңірге сенген шүбәсіз,
Дана бас қалай - шала мас?!
Дүниеге тырдай жалаңаш келген Күнәсіз
Күнәға батып кетеді тырдай жалаңаш?!
Қара жер, хош бол, талақ дүниені таптап кеп,
Қарамай жанға, малға да, --
Келген бір пендең кетіп барады аппақ боп -
Аллаға!