20.08.2022
  100


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

ЕСКІ ЖҰРТТА

Қалай түспей тұрады жолым мұнда,
Қазығым да осы еді, қорығым да.
Құлап қапты біздің үй...
Төмпешік тұр -
Менің тұрған жұртымның орынында.
Ақын болып шатыспай, ағат ойлап,
Ақжарықта,
Соңынан ағатайлап -
Жүре берсем, құламай сол құжырам,
Мені күтіп тұрмай ма алақайлап?
Терезесі бәрінен жарық еді.
Шақырады шырақ боп әлі мені.
Һауа Ана - Һалифа балшық илеп,
Адам Ата - Ақсұңқар салып еді!
Қасіретті көз жасы - халық текті,
Ақ параққа қалайша тамып кетті.
Ақжарыққа бір құс кеп қара аспаннан
Алды-артыма қаратпай -
Алып кетті...
Қар да - өлең.
Тау да - өлең.
Ар да - өлең.
Шыр айналып ғарышта - шарда келем.
Ақсораңның бір ұлы тіршілікте
Тілдесуі керек қой Алламенен!
Алдымда тұр арбаған Аспан елі.
Алла соған туған әу баста мені.
Қара жерді ойласам,
Қайран дүние,
Қара көзге кермек бір жас келеді.
Қара өлеңде нем бар ед,
Қаралы елде?
Қарап тұр ма дүние қара өлеңге.
Аспаныңды қайтейін, ағатай-ау,
Ақсораңым қап қойды-ау қара жерде.
Терезесі бәрінен жарық еді.
Шақырады шырақ боп әлі мені.
Һауа Ана - Һалифа балшық илеп,
Адам Ата - Ақсұңқар салып еді!





Пікір жазу