ҚҰРШИДА ҚЫЗ
Қытайдан көшіп келген Құршида қыз,
Қыз емес пері еді ғой, құрсын, нағыз!
Он үште отауға ие жүгірмектер,
Шыға алмай, соның ғана уысындамыз.
Қытайдан көшіп келген Құршида қыз.
Өріліп жерге түскен қырық бұрым,
Мінезі-ай, мың бұралған қылықтының.
Сөздері балдан-дағы тәтті-ақ еді,
Көздері бұлақтан да тұнық-тұғын,
Өріліп жерге түскен қырық бұрым.
Әйелге бар ма қазір керегім деп,
Жүргенде бір жыладым мен еңіреп.
Әлбина әже айтыпты: «Құршидамды
Алатын жігіт болса беремін!» деп.
Сол күні бір жыладым мен еңіреп!
Құрбы ғой тел қозыдай жақын өскен,
Ауызда аңыз болып аты көшкен.
Шоқандай ұйғыр қызын алатұғын,
Біз сонда танып қалдық ақыл-естен.
Ауызда аңыз болып аты көшкен.
Қытайдан соғып, қырды бұзды дауыл,
Кеңестің баласы едік тізгіні ауыр.
Бір күнде Шоқан болып кіл жүгірмек,
Қашқар боп бара жатты біздің ауыл,
Қытайдан соғып, қырды бұзды дауыл.
Көңіл жүр күнде шарлап, есіп көкті,
Алдында ол көретін несіп көп-ті.
Бір қыстай бір партада бірге отырып,
Жаз шыға оңтүстікке көшіп кетті.
Алдында ол көретін несіп көп-ті.
Аймалап солтүстіктің желі, лебі,
Ешқайда жібермейді тегі мені.
Келгенде жыл құстары оңтүстіктен,
Көңілім өз-өзінен егіледі.
Аймалап солтүстіктің желі, лебі.