АДАСҚАН ҰЛДЫҢ АТА ЖҰРТҚА ОРАЛУЫ
Бір-ақ сүйем - Жер мен Көктің арасы.
Жасынның отын ұртта! - деп -
Мен -
Ақсұңқар құстың баласы,
Ұямды салғам бұлтқа кеп.
Кеудемдегі көк кептерім - өлең-ді,
Кемпірбайдай -
Көкке ала жөнелді.
Осы Дүниеге маза бермес ол енді!
Көкірегіме сүңгіп кіріп Көк Түркі,
Көз алдымда Күллі Дүние көнерді.
Босағадан - Төрімді,
Көгімнен - Жеті Қарақшыны тауып ап, -
Көкжиектен - Көк Тәңірі көрінді,
Көрінен - Ақсұңқар аунап!..
О, Боз Далам, Боз Далам!
Қолқамдағы қандай шер бұл - қоздаған?
Сұңқарыңнан сенің ешкім әрі асып,
Тұлпарыңнан сенің ешкім озбаған!
Бәрі - бітті...
Қорқыт жыры -
Тозбаған:
Қобыз қалды сарнап сенде,
Сонан соң -
Қобыздайын мен қалыппын боздаған...
Уға айналып - шарабы,
Самұрық неге ала көзбен қарады?
Уитменнен...
Киплинг...
Мандельштамнан манағы, -
Миы ашыған ахедеулеу баланы,
Ақтамберді алып қашып барады!
Қия бетте қырық қабырғам сөгіліп,
Нені іздеп ем, не біліп?
Ноғайдан қайтқан Қазтуғандай,
Төгіліп,
Қазақстаннан -
Қазаққа келдім егіліп!!!
Сонда Уақыт қасыма кілт тоқтады:
Қорғаннан - Шүршіт,
Орманнан - Кәуір оттады.
Көк Тәңірі -
Су Тәңірі,
От Тәңірі -
Қара басын қарсы қойған Рухқа -
Жетесізді -
Жетпіс жылға соттады!
Ей, құл-құтпан, баспағым!
Тәңірі құйған қалыбыңнан аспадың:
Аяқ-қолы кісен екен, қарасам,
Әлихан мен Әлімханнан басқаның!
Көшелі -
Керім елдің, сері жұрттың кешегі,
Маңдайдағы соры неге бес елі?!
Көк Тәңірі енді өзін тәрк етсе,
Оны -
Өлім Жазасынан кеседі!!!
Текті Түркі тең-құрбыдан шет қалып,
Ақырзаман кепті анық.
...Осы дүниеге олжа салған Олжас еді қазақтан,
О да кетті Күнбатысты бетке алып...
Күнбатыс пен Күншығыстың арасын
Кезгеніңді «Кезбе» дейтін күй деп айт:
Көке!
Қайда барасың?!
Үйге қайт!
Қазақ еді - Қаз Үнің.
Жазығы - не?
Менің қандай жазығым?!
Көнбе ешкімге, Көк Бөрі,
Сөнбе, Темірқазығым!
Көк Тәңірі Көктен Жерге сауып Нұр,
Еділ Патша елге келді шауып бір!
Қайда жөнеп барасыңдар ауып бұл?!
...Қазақты қайырып түркіге,
Төбемнен жауһар жауып тұр...