Іздеп келем...
Іздеп келем,
Белгілі таппайтыным…
Жүрегімнің түбінде сақтайтұғын -
Құпиямсың сен менің, жұлдызымсың,
Аспанымнан мәңгілік ақпайтұғын!
Ділім, міне!
Жат аруға жүрегім жүгінді ме?
Шайтанкөлде кездесіп қалып едік,
Күллі әлемде жоқсың сен
Бүгін, міне…
Шайтанкөлге сені іздеп талай бардым,
Сан барармын,
Әлі сан қарайлармын.
Бірақ, таппай кетермін ішқұса боп,
Келіп… кеткен… жолымен талайлардың.
Тәтті қиял жанымды тербетер кеп,
Мен сияқты мазасыз шерлі екен көк!
Арулардың жалт еткен жанарына,
Жалтақ-жалтақ қараймын сен бе екен деп.
Пәк жаныңа дерт түсіп, құса қыла,
Қанат таппай мен жаққа ұшарыңа.
Жүріп-жүріп адасып…
Сен де бір күн
Тығыларсың бір жанның құшағына.
Сағыныштан сарғайып шомған күзгі -
Жапырақпын;
Мені қой-қорғансызды!
Құшып сүйіп жатқанын білер ме ерің,
Бір ақынның арманы болған қызды?!
Шайтанкөлге сені іздеп талай бардым.
Жоқтығыңды білгенде қалай бардым?
Талай бардым.
Таба алмай қайттым,
Жаным,
Келіп…кеткен…жолымен талайлардың.
Іздейсің бе сен мені қуат көріп,
Жүрегіңді сағыныш - шуақ көміп,
Баяғыда
Біріміз-бірімізсіз
Өмір сүре алмайтын сияқты едік.
Іздейсің бе сен мені,
Далаға сан
Шықтың ба іздеп -
Муза боп мазаласам?
Неге ғана кездестің маған,
Кейін,
Іздеп тауып алуға жарамасаң?
Іздейсің бе сен мені,
Жөнелсе алып шырылдап сезім-бала,
Сабыр беріп жүр ме екен тәзім-нала?
…Қалай десең - олай де,
Осы өмірде,
Сүйген,
Сүйе білетін өзім ғана!