20.08.2022
94
Фәнидің көріп періштесі мен сайтанын...
Фәнидің көріп періштесі мен сайтанын,
Шалықтап жүріп, шартарабымды шайқадым.
Таңданып мұнда несіне жүрмін, алданып,
Жаһанда жалғыз қалыппын - жаңа байқадым.
Арасын кезіп Жұмағың менен Тамұқтың,
Қара шашымды ақ қарға малып алыппын.
Төрткүл дүниеде төрт құбыласын түгендеп,
Кететін пенде кемде-кем екен - жаңа ұқтым.
Жолаушы ем мен де, жолда сан жанмен жолықтым,
Қиянға шығып, төрт құбыланы шолыппын.
Жанды арбайтын қызылды-жасыл дүние -
Жанардан тамған кермек жас екен - соны ұқтым.
Ару Анам-ай, Ақсұңқар деген құсыңның
Балапаны едім, қияға баулып ұшырдың.
Ана сүті мен сиыр сүтінің арасы
Аспан мен Жердей екен ғой - енді түсіндім.