20.08.2022
  89


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

Бір ақын жүр біздің елде - көп емес.

Бір ақын жүр біздің елде - көп емес.
Көрмеген жөн- көзді нұрға бөлемес:
Сүйген жері - қара таңба, қасірет,
Жүрген жері - айқай-шу мен төбелес!
Ұстанатын дәстүрі де, салты - ескі.
Жай жүрген жоқ…
Іздеп жүр ғой Дантесті!
Хайям анау -
Шарап құмар маскүнем,
Пушкин анау -
Дуэльде өлген қанкешті…
Қай ақын кеп жарылқады қай елді?!
Өзі - кедей, жақтырмайды бай елді!
Күйеді екен өз -өзінен өртеніп,
Сүйеді екен өңкей сұлу әйелді!
Бір ақын жүр қайғылы һәм күлкілі!
Қазақ- қалды, жырлайды екен түркіні.
Бұл түгілі Мағжан да от басқан,
Өстіп жүріп, өртенеді-ау бір күні!
Көк Бөрі деп өлең жазып не түрлі,
Көзі оттай боп, мазамызды кетірді.
Оны көрсе - біздің елдің иттері,
Дүрлігеді -
Қасқыр көрген секілді!
…Франция -
Франсуа Вийоннан әзер құтылды!
Ұлыбритания -
Байроннан әзер құтылды!
Қазақстан -
Мұқағалидан әзер құтылды!
Мынаның да түрі жаман, көкешім,
Көкке қарап ұли тұғын сықылды,
Тұтып кетіп, құри тұғын сықылды…





Пікір жазу