20.08.2022
131
БӨРІЛІ - ҰЛТТЫҚ БАЙРАҒЫМ
Бөрілі -
Ұлттық Байрағым.
Сүйінбайша сайрадым.
Ұлыған сайын байрағым,
Менің де қозар қайдағым…
Маза жоқ күндіз,
Түнде - ұйқы.
Ашылып күнде араны, -
Көк итті қуып, күллі итті
Көк Бөрі ұлып барады!
Көзінде жасы тұныпты,
Күпті боп шерлі күй-көңіл.
Ит-өмір оны ұлытты,
Бізді де құртты ит-өмір.
Жүрегі оның өр, түкті!
Қызарып қызыл көзі ісіп;
Жемейді итше жемтікті,
Өзінің қанын -
Өзі ішіп!
Көгіне кегін төккелі,
Талақ қып иттік-құлқынды, -
Ұлыған сайын Көк Бөрі
Уытты не бір ұл туды.
Көк Бөрі - жасын от-демі,
Ашқанда аузын сапырды от.
…Келеді қайтып Көк Бөрі -
Батыр боп!
Кейде - Ақын боп!
Көк Бөрі -
Ұлттық Байрағым.
Сүйінбайша сайрадым.
Ұлыған сайын байрағым,
Менің де қозар қайдағым…