ЖҰМАТАЙ САБЫРЖАНҰЛЫ
Жұматай!
Бұл дүние жалған екен,
Абылай, Абайдан да қалған екен.
Үзілген Алашымның алтын жібін,
Қазақтың қай баласы жалғар екен?!
Жүрегі құсалы құс мен де көктің,
Жүз рет жерге құлап, жөнге кеппін.
Ахмет, Міржақыптың соңындағы
Соңғы бір тұяғы едің
Сен де кеттің.
Құл туса
Жүреді де болғандай боп,
Ұл туса
Туады ылғи сор маңдай боп.
Алаш деп Торғайдан кеп Астанаға,
Шырылдап сен де кеттің торғайдай боп!
Алашқа Алла өзі ырымдаған,
Бозторғай көгім де-- алаң,қырым да-алаң.
Артыңда Алаш пенен Торғай қалды,
Бозторғай қалды, әнеки, шырылдаған.
Алашың-- Алтын Орда-- үйің еді,
Дүрлігіп тұр несіне дүйім елі?
Дүниеге жылап келіп, бозторғайым,
Мысқылдап кеттің сол бір дүниені.
Алашың ғұмыр кешкен азаппенен,
Аллаға бармас енді мазақпенен,
Сен кеттің,сенің күлкің қалды,бірақ,
Оспанхан дейтін ұлы қазақпенен...