ЖӘРКЕН БӨДЕШКЕ
Қытайды асқан асау Пегас - сандал көк,
Аласұрса ауыздығын шайнар кеп.
Құлагерден қалған сенде қан бер деп,
Қоя бердің.
Самғап берді сандал көк,
Қайда тартсаң - сонда барам, сардар,- деп.
Тәңірі - Көкте.
Тарихы - шаңда.
Ұлты - жыр -
Күлтегін мен Мағжандардың жұрты бұл.
Жылқы жүрген жерде ауып түркі жүр,
Түркі жүрген жерде шауып жылқы жүр!
Апай түсті жылқы мінез жұрт еді,
Асау көрсе алаулаған күрт өңі.
Арғымақтың сыпырып ал жүгенін,
Қайда тартса -
Сонда барсын түркі елі!
Дүбірі оның -
Дөңбекшіген шет қалып,
Шығыстағы Түркістанға жетті анық.
Кісінейді күллі тұлпар сондағы,
Шабатындай Сарыарқаны бетке алып.
Оның сыры мәлім біздей періге,
Мың сан табын жылқы біткен жеріне.
“Пегас”дейді ертедегі гректер,
Құлагер-ді ол - қазақ Ақан-серіге!
Басады оны топырақтың мысы кеп,
Алтын бесік туған елдің іші деп.
Қытай, Иран, Ауған асып кетсе де,
Киесіне бір келеді -
Кісінеп!