ӘЗӘЗІЛ
Танимын Әзәзілдің түсін, жаным,
Көргенде қызарғанмын,
Қысылғанмын.
Мен оны Періште деп қалып ылғи,
Жұлып ап жүрегімді ұсынғанмын.
Әйгілі Әзәзілдің әлемге ісі.
Бірде - еркек ол сұм,
Бірде - әйел кісі.
Өзі бір еркек заттың бекзаты да,
Өзі бір әйел заттың бәдендісі.
Қашам деп сан жер құшып құладым да,
Құтылмай қайта кірдім бұл ағынға.
Шымырлап жатты ол ішкен шарабымда,
Шыңылдап тұрды ол екі құлағымда.
Жүрекке үміт-лай, күдік - тұнған,
Кеудемді тентек ой мен бүлік буған.
- Құлыным! - дейді біреу.
Жалт қарасам -
Әзәзіл!
Маған қарап күліп тұрған…
Танимын Әзәзілдің түсін, жаным,
Көргенде қызарғанмын,
Қысылғанмын.
Мен оны Періште деп қалып ылғи
Жұлып-ап жүрегімді ұсынғанмын.
Түсін, жаным…
Мен құсап елді әуреге сала ма деп,
Сұмдығын айтқам Алаш - Анама кеп.
…Өмірден өкініштен өтіп барам,
Сен де оны Періште деп қала ма деп.