20.08.2022
  172


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

ҚОРҚЫТТЫҢ ҚОБЫЗЫ

Ол сахнаға шыққан сайын исі қазақтың көзіне көкжиектен
Көк Бөрі қара көрсетеді.
Киеміз - Сол! Иеміз - Көк Тәңірі еді.
Екеуінен көз жазып қалғалы елден - береке,
ерден - рух кеткен. О баста төрт құбылалы Жердің бетінде
біз де төртеу едік: Көк Тәңірі - Көк Бөрі - Көк Түркі -
Қорқыттың Қобызы. Ақыры төртеу түгенделді -
төбедегі келе жатыр! Бірақ, алтау - әлі ала:
ауыздағы кетіп барады...
Ол - Ұзын Найзалы, Салт Атты
Көшпенділер Өркениетінің
Ең Соңғы Тұяқтарының Бірі һәм Бірегейі!
Бұл бала жарық дүниеге келгенде
қазақтың көзіне ілінер қарасы қалмаған.
Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсындардың
сүйегіне қына шыққалы қашан?!
Қызыл идеяның қырғынынан әзер тірі қалған
Әлімхан Ермеков пен Мұхтар Әуезов еді.
Олардың да орны үңірейіп тұрған...
Адамзаттың аламан қырғын-сүргінінен
Алланың алқауымен ғана әрең аман қалған
Алаш жұртының шаруасы шаш етектен-ді.
Оны жетпіс жыл бойы бірнеше ғылым академиясы
бірігіп, атқара алмаған. Ұлтсыз - дінсіз - ділсіз -
космополиттік - тобырлық империяның
боданындағы біздің ел ұлттық миссияға зәру-ді.
Соны Тәңірі оның үш баласының маңдайына
жазып қойыпты.
Біріншісі - Олжас Сүлейменов:
- Я иду вам навстречу, серые сволочи! -
деді ол Останкинодан күндей күркіреп!
Ақтамберлі осылайша орысша сөйлегенде
анти-адамзаттық ауруға шалдығып,
көзі-басын қан жапқан көркеуде Империя
қазақтан алғаш рет айылын жинай бастады!
Мұхтар Мағауин - ХХ-шы ғасырдың социалистік -
коммунистік казармасында бастықырылғалы жатқан
асау Қазақ Пегасының темір тұсауын сыпырып алып,
ХV-шы ғасырдың жайлауына айдап жіберді!
Бекболат Тілеухан - Қорқыттың қобызына
қайта тіл бітіргенде
жартылай қазақ, жартылай орыс Мәңгүрттің
миына Мағауинның Қобыз Сарыны құйылып,
Түркі Дүниесі отырған орынынан дүркірей қозғалған...
Қазір Ол түрегеп тұр!
Кердеңдеген Кеңес Империясы
адамзаттық құндылықты жалмауыздай
жалмайын деп жатқанда елде қалған
Ең Соңғы Бақсы - бұл!
Көзден бір ұшып, Көкке қашып бара жатқан
Ата-Баба Аруағын
Қорқыт Қобызының Киесімен
ХХ-шы ғасырға шақырып алды - Ол!!!
Біз - күнделікті күйкі тіршіліктің күйбеңімен
жер бауырлап жүргенде Көк Түркінің осы үш баласы
Алаш Анасын атам замандағы төркін жұртына қыдыртып
қайтқан.
Қазан Төңкерісі Заманында Көк Түркінің осы Үш Тұяғы
Үш Мәрте Ұлы Ұлттық Төңкеріс жасады!
Ұлттық Рух дегеніміз - Ұлттық Төңкеріс деген сөз!
Адамзат тарихындағы ұлттық - буржуазиялық,
таптық - социалистік революциялар ғаламға
қан төгумен келді. Ұлттық өнердегі ұлттық төңкеріс
дүниеге гүл төгеді! Нұр төгеді! Жыр төгеді...
Ол сахнаға шыққан сайын
Бүкіл Түркі Дүниесі дүрліге тік тұрып,
дүркірете қол соғады.
Бұл - Көк Түркілер Әулетінің Көк Бөріні көксегені...
Түркінің Иесі - Көк Тәңірі! Киесі - Көк Бөрі!
Бізді тастап, қайда барасың сен?! -
дейді Бекболаттың Қобызы.
Өліп кеткен өркениеттің тірі қалған тұяқтарының
мұндай сартап сағынышы тек бізде ғана бар!
Көп елде жоқ ол...
Америкада елсіз - жерсіз - тілсіз - дінсіз - ділсіз қалған
үндістер мен өз елі - өлең төсегінде шаңырағы
шайқалмай отырған
қазақтардың арасындағы ала бөтен айырмашылық,
міне, - осында.
Орысша ойланып, қазақша жазатын шәйірлеріміз бен
түркіше тебіреніп, орысша толғайтын Олжастың
арасы да осыған жете қабыл болып тұр.
Өнерде Талант - Дарын - Ұлылық деген
ұғымдар болушы еді. Ұмытылып барады...
Ұлы халықтың түбіне дарынсыздық пен даңғойлық,
тобырлық мәдениет пен космополиттік тексіздік
жеткелі тұрған... Сол кезде сахнаға Бекболат шықты да,
жер бауырлаған Ұлттық Рух ғарышқа көтеріле жөнелді.
Түркілік Рух Түркиядан емес - Түркінің Түп Тұяғының
Қара Шаңырағы - Қазақстаннан қанат қағып барады!
Алла Алашты сүйеді екен!
Тәңірге - тәубә!
Бекболат Тілеухан - Қазақ әнінің Қазтуғаны!
Ол сахнаға шықпай тұрғанда біздің бойымызда
түркіден бір тамшы қан қалмауға айналған-ды.
Бекболат Қорқыттың Қобызын боздата жөнелгенде
қазақтың тәніндегі сол бір тамшы қан бес литрге айналып,
бұрқанып, қайнап шыға келді!
Сол кезде:
Көк Аспанда - Көк Тәңірі!
Қанатының астында оның - Қара Жер!
Екеуінің арасында - Көк Түркі!
Одан басқа ешкім жоқ!!! - деген
Орхон - Енесай Жазуы есімізге түсті!
Уа, Көк Тәңірі!
Уа, Көк Түркі!
Уа, Көк Бөрі!
Уа, Қорқыттың Қобызы!
Төрт құбылалы мынау төрткүл дүниеде,
Төртеуіміз тізе қосып жүргенде,
Төрімізге Сайтан шыға алмаған!
Сөйтсек, төртеумізді төрт жаққа айыратын
Ақырзаманның алғашқы күнін күтіп,
босағадан сығалап тұрған екен де...
О баста мынау опасыз жалғанда екі-ақ адам болған.
Салт Атты мен Жаяу Жалпы. Олар Аспан мен Жер,
Батыс пен Шығыс секілді бір-біріне кереғар
екі мәдениет пен екі өркениетті дүниеге әкелді.
Темір ғасырдың тезіне көне алмаған Салт Аттылар
Жер бетінде үш мың жыл сайран салып,
үдіре көшті де жоқ болды...
Жаяу Жалпылар қалды!
Жаһанды енді солар жаһандандырайын деп жатыр!
Біз атқа мінгенде олар жаяу-жалпы еді.
Біз шалбар кигенде олар жалаң бұт еді (Мағауин).
«Айнала бұлақ басы Тең,
Азаулының Стамбулдан несі кем?»
-демекші, Қорқыт Ата күйлерінің
Моцарттың «Жан азасынан» несі кем?
Күнбатыс бәйбішеден туып па еді?
Күншығыс тоқалдан туып па еді?!
Адамзаттың миын ашытып, көзін арбаған
дойыр догмалар мен теріс тезистердің
тас-талқанын шығаратын күн туды!
Көкірегі шерлі Соңғы Көшпелі
Нұрғиса - Мағауия, Сүгір - Әбікен, Дина - Дайрабай,
Қазанғап - Тоқа, Құрманғазы - Тәттімбет,
Абыл - Дәулеткерейлерді көктей өтіп,
Байжігіт - Боғда, Асан Қайғы - Қорқытқа
барып, ат басын әрең тежеді...
Мынау жарық дүниеде Көк Бөрінің Киесіндей Кие жоқ!
Аспаннан жұлдыздар ағып түседі. Тарихтан ұлттар мен
ұлыстар із-түссіз кетіп жатыр. Қазақ елі үш жүз жылғы
бодандықтан бордай тозбай,
Қазақстан Республикасына айналды!
Тәңірге - тәубә! - дейді Бекболаттың Қобызы.
Сұм зымиян Кеңес Өкіметі миына - Әзәзіл,
жүрегіне - дерт жіберген
Мұқағали адамзат поэзиясында жоқ сиқыр әуендерді
қайдан тауып алған?! Семей полигонының құрбаны
қолы жоқ Күйіков қасіретті ғаламның суретін тісімен!
қалай салады?!. Мұның не екенін парықтауға
пенденің ақылы жетпейді. Түркінің киесі - бұл...
дейді Бекболаттың Қобызы.
Иен далада сапырып сары қымыз сіміріп,
асау арғымақтың бауырында ойнаған түркінің
таза қаны бар оның бойында. Саф алтындай тап-таза.
Оның ес тандыратын эстрадалық әуен мен арақ-шарапты
иттің етіндей жек көретіні - содан... Алматының
барларына барып, маскүнемдердің арасынан
Маралтайды суырып алып шыққаны да
содан болуы керек...
Екі күннің бірінде Астананың көк тіреген ғимараттары мен
Маңғыстаудың үш жүз алпыс үш әулиесінің моласынан,
Сарыарқаның төсі мен Жаңарқаның төскейінен
түркі дүниесін іздеп, екі көзі төрт болады.
Оны аспанда Алла алқады. Жерде - Аруақ жебеді.
Жер бетінде үш мың жылдан астам сайран салған
ата-бабаларымыздың аруағы еді ол...
Аспанда - Алла! Жерде - Пенде - һәм Хайуандар Дүниесі.
Өсімдіктер Дүниесі... Өшпенділер Дүниесі!
Пенденің өзі - Кентавр - жартылай - адам,
жартылай - хайуан! Рухты нәпсі буындырып барады!
Қобыздың шанағында Көк Тәңірі -
Аллланың азалы үні күңіреніп тұр.
Айға қонған американ астронавтарының
құлағына шалынған осы қобыздың үні болуы мүмкін?!
Олар Айдан Жерге оралған бетте Мұсылман болып кетті.
Біз әлі жүрмыз... Лағып!!! -
дейді Бекболаттың Қобызы.
Алаш Құранға шығып, нан аламын деп,
Алланың кәріне ұшыраған жоқ па?! Тәңірі Оған
Аспаннан Азаттық Құсын жіберіп еді ғой?
«Көкте - Құдай, Менде - Мұнай - деді оған
Қазекең қазақша -
сен әуеде қалықтай тұр. Біз мұндағы дүниені
пышақ үстінен үлесіп алғанша...».
Жұрт Жердегі жемітке итше таласып жатыр...
Азаттық әлі аспанда ұшып жүр!
Алаш жұртына қашан келіп қонады ол?!! -
дейді Қорқыттың Қобызы - Кетбұғаның Қобызы -
Ықыластың Қобызы - Қойлыбайдың Қобызы -
Сыматайдың Қобызы - Бекболаттың Қобызы.
Ол Алашына Алладан медет сұрап,
күн сайын бес уақыт намазға жығылады.
Біз де бір мәрте тілімізді кәлимаға келтіріп,
Құранның «Ғадят» сүресімен тәубәмізге түсейікші:
«Таң арайлап атқанда,
Бұ да Тәңірі ісі деп,
Тұяқтары от лақтырып - шапқанда,
Жау ішіне кіріп келген кісінеп! -
Аттарға серт!
Жүрек пендеден шайлықты,
Тәңірді ол қалай түсінбек?!
Жердегі ырыс-байлықты екі көзі тұр ішіп-жеп!
Әй!
Білмейсің бе, сұм пендем,
Айтылса Алла үкімі,
Қабірден шығар тұл кеудең, -
Хайуан болмыс-бітімі!
Тарыдай жерің шашылар
Сөгіліп жаһан қолтығы,
Жан сырың сонда ашылар,
Жазаңды ал, әне, сол күні...».





Пікір жазу