Кеңшілік
Өне бойын Өмір-Күннің нұры өпкен,
Космосты, Тың Даланы жыр еткен -
Керемет бір Ақын бар ед қазақта,
Кетті ақыры ол боздақ та - жүректен...
Бақыл, бауырым!
Сәби жаны бұлқынып,
Далаң қалды - айғыз-айғыз жыртылып!
Арал қалды - айдынында құм тұнып...
Ағаш қалды - жапырағы желкілдеп,
Алаш қалды - атырабы еңкілдеп:
Абайдың да Қарауылы қалды, әне,
Алапаттан - топырағы селкілдеп!!!
Қордай қалды - қолына асқақ жырыңды ап,
Айдалада Торғай қалды - шырылдап!
Алатауда үйің қалды - азалы,
Алматыда құйын қалды шымырлап...
Қыран қалды - қанаттары талғанда,
Жылан қалды.., Жылан ғана қалған ба?
Халтуршиктер қара құрттай қаптап бір,
Жұматайың жалғыз қалды жалғанда...
Бақыл, бауырым!
Менің де өшіп тұр өкпем,
Заман қалды кеше өзің жыр еткен.
Алаң қалды - желтоқсанда дір еткен...
Ғалам қалды - көз ашпаған түнектен!
Рак болса, арман бар ма - бейдауа,
Біздің буын өледі өстіп - жүректен!
Ғылыми кеңестегі соңғы сөз
Абайдың - Алашсыз,
Алашсыз - Абайдың жоқ күні.
Қара өлең екен қазақтың биік шоқтығы.
Дипломсыз Абай Аспанға жөнеп,
Жұртында -
Абдырап қалды қаптаған ғылым докторы.
Мағмұрланса маңдайы қушық тар ағай,
Маңайы оның - ызың да ызың - арадай,
Абайтануға тағы бір аусар келіп тұр,
Албасты басқан ақкелеріне қарамай.
Мінбеден түсейікші!
Ішейікші...