Ақындар мен вокзалдар
50-ші жылдарда
Замана даулы жүрегін алқымға ап,
Ілесіп қанаты жырларға
Бір Ақын жүретін саңқылдап...
Сөйледі ол жырына от өріп,
Тәкаппар өр басын өңезге игізбей.
Жыр-Қыран Талантты әкетті көтеріп
Аяғын жерге де тигізбей.
Орынын беретін жұрт тұрып,
Жүрегін түсініп жарадар.
Дауысын естіген тік тұрып
Вокзалдар, сыраханалар!
Шемені жас болып ақты оның көзімен
«Ақымақ!..»
Пенделер!
Жетер!
Қой!
О, сұмдық! Ғашықтың сөзінен
Пасықтың сөздері өтімді екен ғой?!
Уа, Тарих!
Айтсаңшы айқайлап
Өте ме ел осылай, жаным-ай,
Өңшең бір пасыққа жаутаңдап
Өз ұлын - өздері танымай?!
Қайда сол бұла Ақын?
Оны сен білесің...
Сұрама!
Жаралы жүрегін шараппен жұбатып
Ақыры ол сұлады ұраға...
Жатыр сол - ұрада.
Көнеді -
Ажалға Ақын да арланша.
Моцарттар у ішіп өледі -
Жерлейтін Сальери бар болса!
Ах, Төкең!
Қош, Көкем!
Тұл - әні...
Паравоз керуені: Келдім! - деп жар салып
Ұмытшақ вокзалдар тұр, әні,
Ұрыншақ... Ұлдарын қарсы алып...