20.08.2022
  163


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

Мен-қазақпын

Мен - Жұбанмын.
Бас имеген ұлыққа.
Маталмаған мансап деген құлыпқа.
Ақын едім - жерге тастап тәнімді,
Өлгеннен соң айналыппын -
Рухқа.
Ақын - дауыс.
Поэзия - жаңғырық.
Оны естісе - тулақ тәнге жан кіріп -
Ұшар көкке, қанатын жыр талдырып.
Мен өлгем жоқ.
Мен өлімді жек көрем!
Мың - өліп, мың - тірілгенмін - деп келем.
Сендер жерлеп қайтқан күні... Құс болып,
Абдырап қап - аспанға ұшып кеткен ем...
Тіршілікте азаптаған сан тегі -
Ақындығым - Адамдықтың Анты еді.
Көкке барып, өз көзіммен көрдім мен
Абайымды,
Аристотель,
Дантені.
Көлеңке жоқ көңілімнің хошында,
Құдай мені тап қылды бір қосынға:
Күллі әлемнің Рух Пайғамбарлары
Ойға батып отыр бүгін - осында.
Жанталасқан майдан барда өмірде,
Таңды күйттеп жату қайда көріңде?!
Алматыдан үй таппаған Қасым да
Отыр бүгін Мәңгіліктің төрінде!
Бұ жақта да жауабы жоқ мол сұрақ.
Дүние тұр бір бұрышы ойсырап.
Сәкен маған: «Қайда - дейді - қабірім?»
Ілиястың тамағында - сол сұрақ,
Мағжанның жанарында - сол сұрақ!
Артта - Тарих.
Алда - қандай заман бар?
Адам түгіл, Аруақ та алаңдар:
Жер бетіне жалтақ, жалтақ қарайды
Жер астында мәйіті жоқ адамдар...
Сәкен маған: «Қайда - дейді - қабірім?»
Мұнда да бір - зіл батпандай ауыр үн...
...Отыр, әне, Дантеменен тілдесіп
Менің Муза-Мұқағали бауырым...
Көзден ұшып жат пиғыл мен жат кісі,
Ініміздің алынғандай бақсысы.
Кеше... Онымен сөйлеспеген еді ғой
Жазушылар одағының хатшысы?!
Уа, тіршілік... Уа, күйкі тіршілік!
Қолымызды байладың-ау қырсығып:
Сенің ойран шуылыңа опасыз
Қарап тұрмын биігіме бір шығып!
Тіршілікте қайсың болдың Күн-тұлға,
Қайсың барсың құл болмаған құлқынға?
Жамбыл атаң көшкеннен соң дүниеден
Жаман-жәутік қалғаны ма жұртында?!
Тіршілік не?
О, Тіршілік - түс, бізге,
Қауышпаспыз қайта барып қыс, күзге.
Мыйығынан күліп кімдер жүр екен
Бір қазақты бөліп тастап үш жүзге?!
Кеттім міне, Алашым деп, құтым деп,
Пейіліммен жыртығыңды бүтіндеп:
Соғып тұрған Жүрек едің үш бұрыш
Замананың кеудесінде - лүпілдеп!
Сан тыраштың сандалғанын көрдім мен,
Тірідейін жанды алғанын көрдім мен.
Батысыңның қан болғанын көрдім мен.
Көрдім бәрін! Оның несін жасырам:
Ұрғандарын ұлдарымның басынан,
Жұлғандарын... Қыздарымның - шашынан!
Уа, Армысың, Республика Алаңы!
Жина өзіңе қаланы һәм даланы!
Саф жарық қып тұмандаған сананы,
Серпіп таста жүректерден наланы!
Жарлы емеспін. Жаным - күпті.
Зарлымын!
Адақтап айт көргеніңнің барлығын:
Өрімдей пәк өзегіне от өріп,
Қолдарына қызыл туын көтеріп -
Қайта шықсын Ақжүніс пен Тарғыным!
Ақ пейілі ақ мәрмәрға ұсап қап,
Сен тұр Сенат алаңына ұсап қап.
Асқақ алып адымымен үш аттап -
Тас тұғырын тастап иесіз көшеге,
Абай келсін Лермонтовын құшақтап!
Шақыр бәрін атой салып, жаңғырып,
Күләш шықсын күллі әлемді Ән қылып!
Қазақстан - Ғажапстан мекені!
Сталиндер келеді де - кетеді!
Жалғаныңда Жамбыл ғана -Мәңгілік!!!
Ұрғызбаңдар ұлдарымды басынан,
Жұлғызбаңдар қыздарымның шашынан!!!





Пікір жазу