20.08.2022
  121


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

ҚАБІРІҢЕ ҚОЯМ БЕС ШОҚ ҚАРА ГҮЛ

Ел-бесіктен - Жер-бесікке ауысқан -
Аруақтар үні қайдан қауышқан?
Құдайым-ау, қайда барсам - құтылам
Құлағымның түбіндегі дауыстан?!
Қашпақ болып қасіреттің үнінен
Жол да жүрдім күнімен һәм түнімен.
Көктөбеге, көк базарға барсам да
Қалмай қойды-ау құлағымның түбінен?
«Серігім-ау, серпілсеңші, зарланба?» -
Өзімді өзім ұқсатам бір арланға -
Кейде, тіпті, көздеріме қан қатып,
Сүңгіп кеттім базары мол барларға.
Ұлысыңның шат-шадымен ұланы,
Жанарында бейіш нұры тұнады.
Елге қарап, естен танып, таң қалам,
Ештеңені естімейтін құлағы...
Тірлігі - той, тәні - мұздай салқын леп,
Қарық боппын қайдағыны халқым деп.
Түк көрмеймін... Құлағыма сөйлейді
Мұқағали марқұм кеп:
«Таста оларды!
Бол!
Жаныма кел, Серік!»
Дейді даусы бүкіл барды еңсеріп.
...Қасқыр болып келгенімді ұмытып,
Иттей болып, мас боп шығам теңселіп...
Ел-бесіктен - Жер-бесікке ауысқан -
Аруақтар үні қайдан қауышқан?
Құдайым-ау, құтылатын күн жоқ па
Құлағымның түбіндегі дауыстан?!
Қаралы жыр,
Қаралы күн,
Қаралы үн...
Жазыла ма жанымдағы жара бұл?
...Қанша едіңдер?
Қазағымның атынан
Қабіріңе қоям бес шоқ қара гүл...





Пікір жазу