20.08.2022
132

ХАНЫША
Таң еді онда.
Ендігі уақыт - екінді.
Шыға келдің нұрға оранып не түрлі -
Қалмақтардан қатын алған қазақтың
Хандарының ханышасы секілді!
Өмір өтті тар маңдайға талқы боп,
Өзегіме өртін салып, шалқыды от;
Сенің ғазиз жамалыңдай ғажайып,
Ұлысыңа,
Ұлтыңа да тәнті боп!
Ала құйын дүниенің ағысы - ән.
Енді аспанға Муза болып тағы ұшам;
Келместей боп кетсең де бір қияға,
Жүрегімде жүрдің ғой сен, ханышам!
Өтті уақыт көмескі де, күмәнді,
Көктей өтіп көңілдегі күмәнді.
Кездескенде көріп гүл-тәж бейнеңді,
Кештім күллі кінәңді һәм күнәңді!
Бұқар жырау - тар қапастан шам жаққан,
Кешер мені, мені Тәңірі сандалтқан:
Мұндай ару тек қазақтан туады.
Қайда қалды туса егерде қалмақтан?!