20.08.2022
  131


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

О, АНДРЕЙ...

(Андрей ВОЗНЕСЕНСКИЙ)
О, Андрей, ойы - асау, орман ұлы,
Сенің менен ту тіккен ордаң ірі.
Мен де Тұран жұртының ұланы едім,
Заманында о дағы болған ұлы!
Сен жаһанда жүргенде сайран құрып,
Ақтоғайда қалғам мен айлам құрып.
Арагонның көзіне түскен едің,
Аруларын Париждің айналдырып!
Алма мойын,
Апай төс,
Қасы - қиық,
Анарлары тырсылдап,
(Ашық - иық), -
Кеннедидің әйелі келген саған,
Тірі жанға көрмеген басын иіп...
Екі көзің өрде боп, өрісте боп,
Кенелдің бір керемет кенішке кеп:
Он үшіңде Пастернак бауырына ап,
Тілден, көзден сақтаған Періште боп!
Көзге қара көкем - жоқ,
Мазам кетіп,
Қызыларайда қырық жыл гөзелдетіп, -
Әлі есімде, бір күні мәз болғаным,
Әлжекеңнің қолына әзер жетіп.
Патша болдың Пегаспен таққа жетіп,
Қырда - қалмақ, ойда - орыс мақтан етіп;
Рейганның төрінде отырғансың,
Генсектерді үстінен аттап өтіп!
Қала кезсең сен, ал, мен дала кезгем,
Қарқаралы көзі арбап бала кезден.
Аутпаркомның хатшысы түгіл, маған,
Нұсқаушысы қараған ала көзбен.
Жыр оқысам дүние дүркіреді,
Дүркіреді,
Күнің де күркіреді.
Лебім шықса аузымнан жасындай боп,
Сарыарқаның етегін бір түреді;
Ақын болу азап бұл бодан елде,
Бомж болып кетуім мүмкін еді...
О, Андрей, ойы - асау, орман ұлы,
Сенің менен ту тіккен ордаң ірі.
Мен де Тұран жұртының ұланы едім,
Заманында о дағы болған ұлы!
Ұлы Тұран, ұлысы-ай, - шалқар, асқақ,
Абдырады - артында Алты Алаш қап;
Қағанымның табанын сүйемін деп,
Таласқан жұрт қайда әлгі тарпа бас сап?!.
Бірге кетпей сондай ер, өр елменен,
Өлмей қалған мен неткен өлермен ем?!
Тұранымда туғанда, адамзатты,
Апиынша арбар ма ем өлеңменен?!
О, Андрей, бастан сұм ғасыр өтті,
Өр кеудемді жаныштап, басып өтті!
Менің жыным - екі есе Есениннен,
Менің жырым сенен де қасіретті!





Пікір жазу