20.08.2022
  109


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

Ұзан

Мен - Отпын, өртпін ғой мен лапылдаған,
Лебіме жан шыдымас жақындаған.
Болғанда өзім — жерде,
Тәңірім - Көкте,
Шерімді Соған айтып, лақылдағам...
Ұстаған, соңсоң, мені Ол биіктетіп,
Пендеге - жат,
Өзіңе - сүйікті етіп.
Жаныма жақындасаң күл боларсың,
Жасыным бір жеріне тиіп кетіп.
Көкірек - шер де, кеудем - ыза менің,
Түркі-Оғыз заманында Ұзан едім.
Тәңірім алқап,
Жебеп Аруағым,
Ноқат боп көз ұшында ұзап едім.
Алаштың жүріп тағдыр-таланында,
Енді кеп табанында қаламын ба?!
Доспанбет,
Асан Қайғы,
Шалкиіз ем,
Керей хан - Әз Жәнібек заманында.
Бір тауар бір кісінің жарты құны,
Бүгінде базар - думан,
Сарт - үкілі.
Кімге айтам құл тұқымы түгіл, онда
Аузыма қараған деп хан тұқымы.
Өңезге болмай айтқан өкімі - екі,
Өлеңнің жүрген кезі-ай, өкілеті:
Сүйген-ді мені Тәңірі,
Соны сезіп,
Именді тексіз совет өкіметі!
Арсы мен гүрісіге бір шарқ ұрғасың,
Һас тұлпар қалай қажып, алқынбасын.
Болғанда Алаш - азат,
Аяр - мазақ,
Абдырап қалды-ау, қайран, алтын басым.





Пікір жазу