20.08.2022
  153


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

«ҚЫЗЫЛАРАЙ» КОЛХОЗЫНЫҢ БАЛАСЫ

1950...
Шыққан тоз-тозы
Соғыс келіп айпап-жайпап өткенде,
Арқадағы «Қызыларай» колхозы
Көзін ашып келе жатқан көктемде...
Түстім Жерге!
Туа салып шыңғырдым!
Көзімді ілсем көрем соны түсімде:
Біткеніне бес жыл болған қырғынның
Ызғары бар жүрегімнің ішінде!
Мен туғанда өлкемізде таң екен.
Қазағының ырымына еліктеп, –
Серік болсын деп өзіне жан әкем
Есімімді қойған екен «Серік» – деп.
Серік болдым.
Ал, мен осы қандаймын?
Жұрт біле ме мына мендей серіні,
Күйкентайға серік бола алмаймын,
Менің атым – Ақсұңқардың Серігі!
Жүріп келем.
Өр – ойларым, өр – сезім.
Отсыз өмір кешу ойға сыя ма?
Қырандарға серік болып көрші өзің:
Сенің көзің өле-өлгенше қияда!
Жаным шығып, жанарымды жауып қан
Сан құлағам.
Кеудем толы құсаға.
Қыран кейде төмен ұшқан тауықтан,
Тауық, бірақ қыран құсап ұша ма?!
Көкірегімде алай-түлей жүр ағын,
Сыртқа шығып сайрай алмай отты үнмен
Сұрағым бар?
Сұрағым бар?
Сұрағым...
Жартысына жауап алған жоқпын мен.
«Құдай – жалғыз» дейді рас па?
Таң қалам.
Мен түсіндім көктен жерге түстім де –
Бауырларын жылан – соғыс жалмаған,
Жалғыз еді әкем жердің үстінде!
«Бауырымдап...» жылаушы еді.
Ал бізді
Аймалайтын ақ пейілмен не түрлі
Құдайға да қол болмаған жалғыздық
Оған-дағы жараспайтын секілді...
Шерін оның қалай шертіп таусармын?
Көз алдымда Зауал заман оғы ұшқан.
Мен – өксікпін.
Көз жасымын сол шалдың.
Жарықшақпын –
Қалып қойған соғыстан!
Атыламын!
Жоқ шыдайтын дәрменім,
Сойқан соғыс қазына ашар қай елге?
Бейбітшілік дейтін інім бар менің,
Үйленсе екен Шаттық дейтін әйелге!
Бақыт кілті – балғалар мен күректер,
Соқсын солар Құлыптасқа – Құлып-Тас.
Соғыс!
Сені ұмытса да жүректер
Мүгедектің тізелері ұмытпас!
Мұрыныңа ілмейсің бе мұны түк,
Неге маған қарап тұрсың тесіле?!
Әлем күллі гүл-дәуренін ұмытып...
Сені ғана сақтап қалған есіне!
Тоқта, сайтан!
Сақылдама, сайқалым!
Әлі өшкен жоқ кесапат пен кесірің:
Мен тек саған құрдасымды айтайын,
Білмейтұғын әкесінің есімін...
Сен жараттың балаларды әкесіз!
Қалай таптың қасиетсіз, некесіз!
Жүрмесе де жерде жүрелеп тегі
Олар-дағы – Соғыс Мүгедектері!
Өрім едік.
Өстік.
Қаттық.
Бекіндік.
Қол бұлғайды жыр елінің даласы.
Өмірдегі жесірлік пен жетімдік, –
Өлеңімнің Анасы һәм Баласы!
О, Аналар!
Ақындардың Анасы!
Сенің ұлы рухыңа болдық таң,
Ақын деген – Махаббаттың Баласы!
Фашист «ақын» жоқ ғаламда – сондықтан!
Есенинше Ару анам қақында
Жаза алмадым жарқын жыр бір жапырақ.
Менен өткен дарынсыз жоқ ақында
Жоқ және де менен өткен ақымақ!
Бір Музадан жоқ басқа ойы, мұңы түк
Пенде болдым, Пегасымды ерттедім.
Семьяның қаракетін ұмытып,
Жер-ұяның әрекетін зерттедім.
Күлген аз ба мендей саппаз сабазға?
Кештім терең теңіздерін сияның.
Бөлмем толы қағаз еді.
Қағазда –
Жанып жатса менің бала қиялым!
Неше түрлі поэмалар болды... есте,
Жаза бердім шабыт – мұхит лақылдап.
Жыртып көбін салдым отқа.
Сол пеште
Жатты менің балалығым лапылдап!
Өмір – алда.
Өкінемін несіне?
Ол – қураған бұл-бұл бағым мәуелі.
Балалықты түсірерде есіме
Сол бір өртті елестетем әуелі!
Адамзатқа өлеңдетіп сонда жазған хатымды ап,
Ойға түсем, нанбасаңдар көр келіп.
Он үшімде қалай жансам лапылдап,
Отызда да келем солай өртеніп!
Кітап көрдім көз қуантар көлемі,
Сонан қандай қуат алды жоқшылар?
Адамзатқа түк айтпайтын өлеңі
Ақындардан өткен сорлы жоқ шығар!
Көкірегімде көк нөсерлі үн жаңғырып,
Ұйықтаушы едім таң сыз беріп атарда.
Ошағымды Анашыма қалдырып...
Отанымды іздеп шықтым – сапарға.
Тұңғышы едім.
Анам сонда қалжырап:
– Абай болшы! Алдыңда көп сын әлі.
Отаныңа барам десең – бар! Бірақ
Ошағыңды ұмытпа! – деп жылады.
Жүгіре кеп жөнеліп ем дабдырап,
Күнді көрдім көздерімді ашқанда –
Ақжарықтан шыға салып абдырап,
Аң-таң қалып қарағанда аспанға!
Ұшып кеттім.
Бір дәм татып шараптан,
Қашан жетем? Көзіме жас іркілді.
Отан тұрды Абай құсап қарап паң.
Анам құсап мейірленіп бір түрлі.
Қаңқу сөзден қалдым кейде тұншығып,
Желмая-жыр қалай бірақ желмейді.
Кейбіреулер өз баласын қырсығып,
Отанына жібергісі келмейді.
Олар, мейлі, Бекежанша сенделер –
Қособада...
Жетер жерге жетем ғой.
Ошағынан аспайтұғын пенделер
Отанды да қызғанады екен ғой!
Абай атам көз алдыма елестеп,
Бетпе-бет кеп Майбасармен жолықтым.
Сарыарқада халық қана емес тек –
Тұрғындар да тұрады екен – соны ұқтым!
Халық мені шабытына бөледі,
Тұрғындар да өзінше ойын топшылар
Адамзатқа түк айтпайтын өлеңі
Ақындардан өткен сорлы жоқ шығар!
Ана тілім айналды да антыма,
Өлең деген бөбекпенен тел өстім.
Халқым барда, антым барда халқыма
Тұрғындарды көзіме ілген емеспін!
Жоқ ерлігім...
Қорқақтыққа күйгенмін,
Өлеңімде менің осы шерлі үнім.
Отыз жаста сүйгеніме үйлендім,
Осы шығар болса егер бір ерлігім.
Кешіре ме сұлулықтың әлемі,
Түсіне ме, шіркін, соның себебін?
Жетісуда жеті-ақ аққу бар еді
Соның бірін ұрлап алған мен едім...
Ұстап алып қама торға сал-дағы.
Бой тасалап қашатұғын пенде емен.
Аты-шулы ақын болмасам-дағы
Аты-шулы Ұрлықшымын мен деген!
О, Жетісу!
Асқақ қара сен елге!
Тас – қамалым, жеңе алмайды сені ешкім.
Алты күйеу батыр болса егер де,
Кенже күйеу – мен де қорқақ емеспін!
Қайнап жатыр қан-тамырым тереңде.
О, Жетісу!
Тәж тақ сұлу өнерден!
Алты күйеу ақын болса егерде,
Мен де ақынмын. Атың шығар өлеңмен!
Жырлай берем Сұлулықты қаталап,
Керек емес көз алдайтын бөзіңіз.
Адамзатты қосатұғын – махаббат,
Айыратын – мына біздің өзіміз!
Ғасыр көші!
Болашаққа тартыңыз!
Жан сауғалап құрып кету – саған жат!
Махаббаттан жаратылған – халқымыз!
Махаббаттан жаратылған – Адамзат!
Жер үстінде болған талай қырғындар
Көрдім таңды, түн азабын кештің де.
Неменеден жаралды екен тұрғындар?
Білсем де іштей... Айтпан бірақ ешкімге!
Махаббат – бір ұлан асыр дария
Жүзіп кеттім, жүз толқынын кештім де.
Отызымда кездеспесе Ғалия
Алпыста да үйленбес ем ешкімге!
Осындаймын!
Көзбен көрмей кім сенер?
Осындаймын өмірде һәм өңірде
Пенде біткен аяғымен жүрсе егер,
Жүрегіммен
Жүремін мен
Өмірде!
Тіршілікте қалған кез көп мәңгіріп.
Көлеңкесін көздегем жоқ саяның.
Жүрегіммен жүремін мен мәңгілік
Ақсақ болып қалса-дағы аяғым!
Дос көп менде: Ақселеуім... Дәуітім...
Қолымды ұстар алдымнан сан ел шығып.
Меніменен дос болмаса әлі кім –
Өлеңімді жіберермін елші ғып.
Еліктедім көп ақынға, бүгінде
Жүрген жай бар өз ойымды ән қылып,
Бәрі кетті... жүрегімнің түбінде,
Алатаудай Абай қалды мәңгілік!
Сүйдім Күнді.
Оның нұры – жырымда.
Жетегінде кеттім бір пәк ойлардың.
Отыз жаста әке болып бір ұлға
«Рауан» деп Күннің атын қойғанмын!
Не бітірдім, не жаулады еркімді?
Көз ілеспей аспанымда шапты Ай, Күн.
Мен де айналдым айналғанда Жер Күнді.
Енді қанша айналамын!
Айтпаймын!
Айтпан, босқа қозғамашы дертімді.
Басқа күдік... басқа сұмдық ойымда:
«Енді қанша айналады Жер Күнді?!» –
Деген сауал ендіктердің бойында –
Шыңғырып жүр!
Үні – ащы!
Ал, тыңда,
Жүрегімде жүйке жейтін жүр ағын.
Мен кетермін. Мен кеткенде артымда
Қалсын осы қасиетті сұрағым!
Сол сауалға жауап бермеу – асылық
Не дер екен зиялылар тақтасы:
Қарсы алдымда жатты айқара ашылып
Университет, институттар қақпасы.
Қарсы алды олар мені арманшыл кісі деп.
Қалар ма едім сол қамалда бекініп?
Кенет Пегас қоя берді кісінеп!
Атып шықты ауласынан секіріп!
Атып шықтым!
Бір жалт қарап шыраққа,
Өмір – тәтті. Сүйем бірақ өлеңді.
Қанат бітіп, сонда Муза пыраққа,
Мені сонау аспанға ала жөнелді.
Көзде – жасым, дидарға ойлы түсті рең.
Ұштым теңіз... балықтардың үстімен.
Залптардың,
Тамұқтардың үстімен,
Табыттардың,
Халықтардың үстімен!
Қайран анам түсті есіме қалжырап,
Тәңірінен маған медет сұраған.
«Отаныңа барам десең – бар! Бірақ
Ошағыңды ұмытпа!» – деп жылаған.
Тәте!
Ұлыңның сағым болды сел әні,
Кеудесінен кеңістікке құя алмай.
Отаныма жеткен жоқпын мен әлі.
Ошағыма не деп барам ұялмай?
Туған күнім түсті есіме – таң екен,
Қазағының ырымына еліктеп, –
Серік болсын деп өзіне жан әкем,
Есімімді қойған екен «Серік» – деп.
Саф алтындай ойлар келді санама
Әкем – марқұм... Мүмкін, ол да өкпелі?
Өкінемін әкем түгіл, анама
Әлі күнге серік болғам жоқ тегі.
Көкірегімді кернегенде нала, кек,
Көз алдыма қасиетті анам кеп –
Жаутаңдайды жасқа толы көзімен,
«Неге сонша жүдеп кеттің, балам?» – деп.
«Мен жоқ кезде ренжітті сені кім?
Қанаттарың қайда – Бейбіт, Берігің?! –
Деп сұрайды әкем кіріп түсіме –
Неге сонша жүдеп кеттің, Серігім?!»
Сонда асқақ жауап берем мен тұрып,
Сағынышты сабырлы ойға жеңдіріп.
«Ібілістен күнде таяқ жеймін мен
Періштеге серік болам деп жүріп!»
Өлеңдерім айтсын соны сендіріп.





Пікір жазу