20.08.2022
  98


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

«АҚЫН ЖҰМАТАЙ ЖАҚЫПБАЕВ» АТТЫ МОНОГРАФИЯҒА ҚОСЫМША

І
Ақын Жұматай мен ару Ләйлә Сарноқайда дүбірлі той үстінде жолығып қалыпты деседі жұрт. Айтуларына қарағанда бұл өзі бертінде болған оқиға. Ақындар айтысының абыройы аспандап тұрған кез болса керек, өйткені жұрт ақын
мен арудың ақтық жүздесуінде мынадай айтыс болған десіп жүр.
ЛӘЙЛӘ:
Жалған-ай,
Қанатымның ұша-ұша талғаны-ай!
Ақындар да шалымды жұрт айлаға,
Періште деп жүрген оны қай дана?
Сылқымым-ай, үйленіп ап Зәйдаға,
Өлең жазып жүрсің бе әлі Ләйләға?
ЖҰМАТАЙ:
Айтатұғын сөз көп еді ойымда,
Көп өтініш кетер болды-ау мойында.
Сен – Сара боп, мен – Біржан боп кездестік,
Әттең, мынау Сарноқайдың бойында.
Тәңірім-ай, айтса болып тұрғаны –
Жүрегімді аттай солықтырғаны.
Мен – Жұматай, сен – Ләйлә боп жүргенде,
Жолықтырса – қалай жолықтырмады?!
Жалған-ай!
Қанатымның ұша-ұша талғаны-ай!
ЛӘЙЛӘ:
Жалған-ай!
Тағдырымның бұ да басқа салғаны-ай?
Біржан болып іздеп пе едің Сараны?
Кеңістікте кездесер жер бар әлі:
Мен де сенше Аспан жаққа ұшам ба?
Маған да бір қанат бітіп барады...
ЖҰМАТАЙ:
Жалған-ай!
Қанатымның ұша-ұша талғаны-ай?
Қолына елдің тигені де – өзіне,
Тіршілігі, күйбеңі де – өзіне!
Кенежирен жұлдызға ұқсап аққанда
Дүниеден түк түспейді көзіме.
Өңімдегі түссің деп ем – нандың ба
Қанатты аққу құссың деп ем –
Нандың ба?!
Аспанға ұшсаң, Сарноқайың бұлдырап
Ноқат болып жатпас па еді алдыңда?
Муза құсым, көздерінен жас тамған
Мені әкетті... бас айналды сасқаннан.
Ел, бекетке... мемлекетке, бәріне
Аң-таң қалып жүрмін Аспаннан!
Таңғажайып әлем ғой бұл түстен де,
Айналасың күшті елден де күшті елге.
Анда-санда жерге қайтқым келеді
Алабұртып сен көзіме түскенде...
ІІ
Көңілімді көптен тескен бір арман,
Көз жасымды шыңыраудан шығарған.
Анда-санда даусыңды естіп тұрайын,
Өңшең алтын дыбыстардан құралған.
Жұматай.
Сарноқайда жаз бойы қар жатады,
Неге тағдыр адамды зарлатады.
Зайда.
Қазақ кенде болмағанмен ақынға,
Түптеп келсең, түбі түркі затында –
Алатауда аңыз көшіп жүр бүгін
Бір үйдегі екі шәйір хақында.
Басқа ұлыстың үні өктем боп ұлтында,
Тұрған кезде талшық мұң боп құлқынға.
Сарноқайдың тұлпарларын жырлады,
Атомдар мен моторлардың жұртында.
Қандай-қандай ақын туған жұртымда!
Алтыннан жел есетұғын айдары,
Алашымдай асқақ болу қайда әлі:
Екі ақыны жырлады да бір үйде,
Бір бұтақта егіз бұлбұл сайрады.
Ақындарға адамзаттан кешірім,
Сұлулыққа ғашық болса несі мін?
Сұлулыққа ғашық болып екеуі
Ләйлә ару деп қойды оның есімін.
Жеті өзенге құйып кейде тасып кеп,
Жерден құс боп кетіпті ұшып, асып көк,
Біреуі еркек, біреуі әйел болса да
Өксіп өтті Ләйлә аруға ғашық боп.
Қонған бұтақ кем болмай-ақ тақтан да,
Сайрайды-ай кеп бірге оянып ақ таңда.
Тыңдапты ұйып үнін Алаш – анасы
Балалары ұйқысырап жатқанда.
Ләйләні іздеп, кеңістікте ойы ағып,
Омырауы көз жасына боянып...
Арғы жағын енді айтпай-ақ қоялық.
...Таңқалады естісе сол әуенді, –
Біздің әулет ұйқысынан оянып!
Арғы жағын енді айтпай-ақ қоялық.
ІІІ
Біз байғұстың суретін жұрт көкке ілсе,
Ғұмыр бойы түспейтінін білмей ме?
Жұматай.
Жұматай дәліздің алдындағы айна алдында
тұр екен.
– Келші қасыма, – деген қоңыр үні құлағымда.
– Объективке қарасаң да, айнаға қарасаң да
бәрібір емес пе. Түу, әдемі екенбіз ғой...
Ол маң-маң басып шығып бара жатты.
Қайда бара жатқанын айтқан жоқ.
От құйғандай екі көзі ұшқындап,
Буырқанған бір мұңды ойы іш тырнап,
Жұма-ағам тұр айна алдында күлімдеп,
Өзін-дағы,
Өзгені де мысқылдап.
Жан-жағымнан күдікті ойлар қамап кіл,
Мен де келем адымымды санап бір:
Екі Ләйлә ғашық болған бір кезде
Екі жігіт
Екеумізге
Қарап тұр!
Қылжағы ма, шыны ма, әлде оны әлі
Білмеймін мен...
Көзі нұрға толады:
– Түу, әдемі екенбіз ғой... Бізге енді
Суретіңе түспеуге де болады!
От құйғандай екі көзі ұшқындап,
Буырқанған бір мұңды ойы іш тырнап
Маң-маң басып шығып бара жатты ағам,
Өзін-дағы,
Өзгені де мысқылдап.
...Дүбір болса жүретұғын шетінде,
Бұлбұл болып сайрап берген не тілде, –
Өлгеннен соң Жұматайдың суреті
Күліп тұрды газеттердің бетінде.
О, Жұматай!
Жер қойыны салқын, ә?!
Қайда кеттің мені тастап артыңа?
Бір құтылып
Құлдығынан
Тобырдың,
Боздағым-ай, жеттің бе әзер халқыңа?!
О, Жұмаға!
Жер қойыны салқын, ә?!
Музаң – үнсіз, Ләйлә аруын жоқтаған,
Көбейіп тұр күңкіл-шүңкіл оттаған:
Күнделікті газеттердің бетін де
Парақтауға қорқатұғын боп барам.
Күнді айналған Жер оранып тасқынға,
Ғалам жатыр –
Қасіретті һас тұлға –
Ақындарды абақтыға қамаған
Сталиннің
Суреттері
Астында –
Жатыр ғалам!
Қияметтік сапары –
Ажалымен бірге шыққан атағы –
Көк базарда,
Қазыналық билетке
Ол –
Сенің де
Суретіңді
Сатады!!!
Өзің кеше әлдилеген бөпе ғып,
Өмір көші өртке түсті от өріп.
Бұл тобырда иман бар ма,
Шығатын –
Берияны
Төбесіне
Көтеріп?!
Күнді айналған Жер оранып тасқынға,
Жатыр Ғалам –
Қасіретті һас тұлға –
Ақындарды абақтыға қамаған
Сталиннің
Суреттері астында...
ІV
Дүниенің қызығына, ойынына,
Бір түкіріп, бұршақ салып мойныма, –
Кетер едім бір пендені көзге ілмей,
Көзге ілмеуге тағдыр мені қойды ма?!
Жұматай.
Күйкіден қашты ала ат-тонын,
Жүрді де қым-қиғаш жолдармен.
Тұғырға керегі жоқ-ты оның,
Тұлпарға қажеті болғанмен.
Ол елден өзгеше ерек-ті,
Жымиған кезі тұр нұр-таңда.
Жұматай атбегі керек-ті
Кенежирен секілді тұлпарға.
Туды ол қатыгез ғасырда.
Адам – құл! Болардай – ғалам тұл.
Данышпан жүргенін қасында
Дарынсыз сезбейтін заман бұл.
Түркіге тән асау долы қан
Бір маза бермесін сол ұқты.
Қара күш – қорықса қолынан,
Дәлдүріш
Жырынан
Қорықты.
Сүйінді –
Көзінің жасымен,
Кеудесін керемет жыр қысып.
Күйінді –
Бекзада басымен
Бейшара пендемен бірге ішіп...
Біз тудық,
Сусыны у болып,
Топан су толғанда тоғанға:
Адамның милары су болып,
Жүрегі тас болған қоғамда.
Мұсылман кәпірге шоқынып,
Тексіздік төбеден қарады.
Құл-құтан таққа кеп отырып,
Ханзада қаңғырып барады.
Тұғырың – тұлпарға бергісіз!
Арғымақ ат қайда кекілді?!
Құдай – кім?
Құлың – кім?
Белгісіз!
Дарынсыз – данышпан секілді!
Арамза – қағынған төсегі,
Алашта ақынға өш еді.
Күл-көмеш болды да көсемі,
Өршіді өрт – қатын өсегі.
Ол көрді біз көрген сан қыртты,
Қотыраш құм шашып көзіне.
Алашқа керексіз жәндікті
Алла да
Алмайды
Өзіне!
Қош, соңғы серісі ғаламның!
...Көзге – нұр, көмейде – үн күлген,
Алашқа керек сол Адамның
Аллаға
Керегін
Кім білген?!
V
Ана жақта банк, парк, баспа бар,
ерен үн бар елтөбелер жасқанар.
Мына жақта жаман дүкен, көк арақ.
барак, үйлер бар және бір Жас Марал.
Жұматай.
Бауырым, келші...
Кенежиренмен шабайық.
Сен жақта не бар,
Мен жақта не бар, санайық,
Арғымақпенен кетейік шауып, алға
Асып,
Адамдар қалсын,
Замандар қалсын шаң басып.
Мен жақта Күн бар,
Сен жақта Түн бар, –
Арбасып, –
Кезек пен кезек тұрады – дейді –
Алмасып.
Дүние – кезек.
Дүбірлеп жатыр тасқында.
Қай жақта қалдым қара түнектен қаштым да?
Сен жақта не бар?
Мен жақта Күн бар – һас тұлға,
Жарық пен түнек арбасып жатыр астында.
Мен жақта – банк,
Жоқ оның маған құны түк.
Қарайды бірақ қабағын неге суытып?
Қасқыр – замана ішек-қарындарын
Ұлытып,
Жүрегі барын барады пенде ұмытып!
Қанбазар – қалың,
Ғаламды жатыр сатып ап,
Музалар қалды...
Биржалар кетті қатынап!
Қан саулап кетті зұлымдық шықпай жатып ап,
Алшаңдап кетті Абайды ұқпайтын ақымақ.
Бұл жақта кім бар?
Көрдің ғой көзбен тәуірін?
Келдің ғой... келіп көтердің жүгін ауырын.
Біз жақтың көрген жауынын, зілін, дауылын...
Сен жақта Мағжан,
Қасымдар бар ғой, бауырым...
Айтсаңшы, бауырым, кеудеңде
Мендей шер жоқ па?
Ғаламда Жоңғар Алатауындай жер жоқ па?
Білемін, иә, ес-дертің сенің – ел жақта,
Махамбет – сенде,
Ықылас қалды – мен жақта.
Сен жақта қалай?
Бұл жақта көкте Күн күлген.
Оятып таңы, қажытып түн көз ілдірген.
Жарық пен Түнек айқасып бәрін
Бүлдірген...
Күндердің күні қайсысы жеңбек?
Кім білген...
Мен жақта әлі қантөгіс – Сенат Алаңы,
Қаланы қосты өзіне, бүкіл даланы.
Әбілді өлтірген Қабылдың қанды балағы,
Сабады бауырын, Алашын итше талады...
Мен барам Саған. Олар да Саған барады





Пікір жазу