20.08.2022
  88


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

КЛЕОПАТРА

I
Әзір тұр әлем ұшуға,
Мастарға ұқсас – бұл күйде:
Алыста – көздің ұшында келеді ағып бір күйме!
– Былай тұр! Мынау қасқыр ма?!
– Көрейік дейді – біздер де!
– Көрмесек – жұрттың астында өлейік дейді – біздер де!
– Кетсең – кет, әрі! Қақсама! –
Деп біреу шықты батыл-ақ –
Немене?! Сенен басқада көз жоқ деп пе едің, ақымақ?!
Жетуге, әне, шақ қалды!
Көздерде жанып, лаулайды от!
Парлаған ақ боз аттары қанатты аққулардай боп –
Кеп қалды күйме атылған оқ сынды, шаңды сапыра,
Ішінде оның отырған падиша –
Клеопатра!
Дүр етіп, – Әне, сол! – десе,
– Жатыңдар! – дейді ел.
– Жатыңдар!
Келбетін оның көрмесе жынданар мына пақырлар!
Кім көрген қызық тап мұндай,
Көзіңе тамшы үймелер:
Пыр етіп ұшқан аққудай зыр ете түсті күймелер!
Өң бе – бұл? Түс пе? Жат бәрі...
Бұлдырап кеткен ар жағы:
Арғымақ ақ боз аттары – тек қана есте қалғаны.
Елес пе? Жын ба? Не тегі?
Жарқырап қылыш, қанжары,
Қаптаған қалың нөкері – тек қана есте қалғаны.
Тек қана есте қалғаны, –
Арманы болған ақынның, саф алтын сынды
Күн түсі –
Тәкаппар патша қатынның ғажайып сиқыр күлкісі...
Кетті ме бәрін күлкі етіп?
Тек қана есте қалғаны:
Көздерін жапқан бұрқ етіп шұбырған
күйме шаңдары...
– Періште! – десті. Теріс пе?
– Жер–Ана сынды бейішке
Аспаннан бір рет түсед те, кетеді ұшып – періште!
2
...Біраз жыл өткен қайырлы.
Ат ойнап елде қашты аңыз.
Тағы бір дақпырт жайылды:
– Босанып жатыр патша қыз!
– Мысырдың ұлы бағына кім тумақ?!
– Айтшы, кім?! – деген –
Сарайдың алды тағы да қаптаған пенде.
Гулеген...
Аң-таң ғып сонда бар жұртты,
Тұғырдан ұшқан қырандай
Аспанның астын жаңғыртты тағы
бір дауыс мынандай:
– Сүйінші, халқы қаланың!
Ішіңдер шарап, сапыра!
Әкесі – Цезарь баланың!
Шешесі – Клеопатра!
3
...Біраз жыл өткен қайырлы. Тағы бір дақпырт жайылды:
– Келіңдер! Тойға шақырам бәріңді, беттен сүйем де!
Падиша Клеопатра тигелі жатыр күйеуге!
– Құлақ түр, қане, бар фәни! Естисіңдер ме, кереңдер?!
Күйеуі – арыс Антоний!
Цезарьдан асқан кемеңгер!
Думан той кеулеп алапты ертең де, бүгін, кеше де,
Көшеде аққан шарапты
Үлгермей құйып кесеге,
Шулайды құлдар бақыра:
– Күнәміз болса кеш! – дейді.
– Құдай ғой – Клеопатра! Құдайлар қателеспейді!
4
– Былай тұр! Мынау – қасқыр ма?!
– Көрейік дейді – біздер де!
– Көрмесек – жұрттың астында өлейік дейді біздер де!
Не деген ғажап гүл өңі?
Көздегі шабыт – тасқын ба?!
...Дұшпанның тау-тау сүйегі – арбаның шаңы астында...
– Асқақ жыр оның – даңқына!
Асау үн көкті кернейді:
– Құдай ғой – Клеопатра!
– Құдайлар
Мәңгі
Өлмейді!!!


5
Біраз жыл өткен... Кеше ме?!
Көмескі ымырт шағында
Қаптаған пенде көшеде қырқысып жатыр тағы да:
– Былай тұр!
– Тиме шабыма!
– Немене? Көріп – өлейік!
– Бұл қандай қызық тағы да?
– Көрейік! – дейді –
– Көрейік!
Бір-бірін нұқып, шалып та ұмтылды оқша атыла.
Кім дейсіз жатқан табытта? –
Падиша Клеопатра!
Клеопатра?!! Клеопатра!!! Клеопатра...





Пікір жазу