20.08.2022
  112


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

ҺАУА–АНАНЫҢ БОСАНУЫ

Дүние қандай ғана ғажап едің,
Адамның аңсап көрген базары едің!
Сондағы кескініңе ұқсамайтын
не болып кеткен сенің азалы өңің?!
Сен онда бүгінгіден бөлек едің,
періште табиғаттың бөбегі едің.
Самолет, ракетаны тәрк қылып,
қаптаған қайда қайран көбелегің?
Атылған жанартауың сұрапылдай,
аспанда асқақ шеру құратындай.
Көгің де шайдай ашық күліп тұрған
мәңгілік мөлдіреп-ақ тұратындай...
Жер – Анаң жіпсіп жаңа көкірегі,
тәңірден, шіркін, сонда не тіледі.
Адам мен Һауа қыздың еркесіндей
еліктер тау мен тасқа секіреді.
Керемет сұлулық бар келбетінде,
тыныштық – бесігінде тербетуде.
Мамонттар маң-маң басып келе жатыр,
мәңгілік қалатындай жер бетінде.
Мәз едің ақ күніңе, пәктігіңе,
Құстардың құйқылжыған тәтті үніне.
Һауаның күміс сыңғыр күлкісі кеп
қосылып аққулардың гәккуіне.
Аққулар, ұшшы қағып қанатыңды,
паш етіп фәниде жоқ санатыңды.
Әлемдік Поэзия дейтін Сұлу
әуелі осы өңірде жаратылды!
Аққулар, шомыла бер көлге келіп,
қалсыншы ғашық болса өлгені-өліп!
Һауа мен екеуіңнің көз алдыңда
күллі әлем көшіп жатсын дөңгеленіп!
Сыбырлап бір сөз айтам құлағыңа,
Һауаңа өзің көз бол – ұланыңа.
Ғаламда сен болмасаң, ашуланып
қайтадан кетіп қалар жұмағына...
О, неткен таңғажайып мүсін еді,
пеңдеңнің өзің сынды құс реңі.
Болғанмен аты – адам, заты – аққу
Һауа – Қыз гәккуіңді түсінеді...
Жоқ бүгін жемтік іздер жендетің де,
ғаламның ғажайып нұр келбетінде.
Бүгінгі адамзаттың Анасы мен
Атасы ғана жүр ғой Жер бетінде.
Аққулар, шомыла бер сылаң қағып,
шошымай ештеңеден күмәнданып.
Көк пен Жер үйлесімі көңіл арбап
көздері бара жатыр тұманданып...
Һауаның қасиетті қара нары –
саф таза сұлулықты саралады.
Сендерге әзірше оның жазығы жоқ,
бәрін де бүлдіретін – Балалары...
Күн нұры шуақ құйған көздеріне,
өздері әлі ие емес – өздеріне.
Тірі жан иесіне жазығы жоқ,
нанбасаң құлақ салшы сөздеріне:
АДАМ:
Неткен ғажап мына Әлем!
Сайтаны жоқ –
Салауаты жоқ Дүние...
ҺАУА:
Ей, Адам-ай,
Сайтан әлі арбай ма,
Тақпақ болып тақылдайды таңдайда.
Естен танып неге тұрсың мәңгіріп?
Табыну мен бағынуды мәңгілік –
Біреу жазып қойып па еді маңдайға?!
АДАМ:
Қайта-қайта неге айтамын оны мен,
Енді есіме алмайтындай болып ем...
Жоқ қой өзі?!
Бейнесі тұр тек есте...
Жоқ!
Ұмытам!
Арбалман сол елеске!
Бірақ...
Қалай тәрк етем оны мен,
Көзімді ашып көргенім сол емес пе?!
ҺАУА:
Ұмыт деймін!
АДАМ:
Қалай?
ҺАУА:
Уа, Мұңды Адам!
Сенсіз – мынау Ұлы Ғалам – тұл маған!
Ұмытпасаң Салауат пен Сайтанды –
Құл боларсың!
Онда мен де – Күң болам!
Бостандықсыз – Өмір – өлім!
Күн – қараң!
Құдай емес шығар...
Бірақ – құл ма – Адам?!
АДАМ:
Басыр боппын бастан азап кешіріп,
Тоқта деймін!
Неткен жан ең есірік?!
Сөйле ақырын... Анау көктен тәңірің
Екеумізге қарап тұр ма тесіліп?!
ҺАУА:
Қайтем енді...
Қарай берсін – қараса!
Мынау Ғалам қандай ғажап!
Тамаша!
Ұмыт оны...
Жүре бер өз еркіңмен,
Елікті көр тау мен тасқа секірген,
Бұлттарды көр – көкжиекте қалқыған,
Асау нөсер келер ме екен артынан?
Дүниеге –
Тұрған мынау іргеде –
Ат қойсам деп абдырайды тіл неге?
О!
Ауа!
Су!
Байқаймысың уа, Адам!
Екеумізге жетпей тұр-ау бірдеңе?
АДАМ:
Рас айтасың.
Ойға батсам не түрлі
Сол – менің де мазамды әбден кетірді.
Иә, сезем...
Жаным зәру бір затқа,
ол болмаса – түк болмайтын секілді...
Ауа мен Су!
Аспанымда Күн күлсін!
ҺАУА:
Өле–өлгенше бірдеңеге ділгірсің.
АДАМ:
Жанарыңда жарқылдайды бір нәрсе!
Жетпейтіні сол болмаса, Кім білсін...
ҺАУА:
Ол – От!
АДАМ:
Ауа!
Су!
От!
О, Һауа!
Сен тәңірдей әулиесің, нан маған,
Мен өзіңсіз қайтіп жалғыз жан бағам?
Алғансың ба бәріне де ат қойып?
Таң қалам!
ҺАУА:
Таң қалмағын:
Көктен жаңа түстің бе?
АДАМ:
Сенсіз – маған мына Дүние – түс, мүлде.
ҺАУА:
Маған – өңім:
Самал желпіп денені,
Мұрыныма гүлдің иісі келеді.
Ілесіп-ақ кетсем деймін құстармен!
(ойланып)
Сені тастап қайда барам ұшқанмен?
О, Дүние!
Ғажап едің не деген,
Көрген сайын рахатқа кенелем!
Сенің тылсым құпияңды мен – ашқан:
Ауа!
Су!
От!
Жер!
Аспан!
Біз айтпаған асқақ лебіз мол әлі,
Уа, Адам!
Жер – Ананың қонағы...
АДАМ:
Уа, Һауа!
Ұста еңсеңді жоғары!
«Ана» деген сөз түсті ғой аузыңа,
Сенің тілің – Ана Тілі... болады!
ҺАУА:
Отқа – зәру,
Ауа,
Суға қаталап
Ұжмақтағы айтқан сөзім –
Махаббат!
Осы сөзім өлі өңірге өң берер,
Ол тұрғанда бола қоймас жоқшылық,
Осы өңірде бізден бөтен пенделер
Бөгде тілде сөйлейтұғын боп шығып,
Махабатты –
Салауат деп –
Жер – Анаңды –
Көр – Лақат деп
Ылаңдатса қайтеміз?!
АДАМ:
Екеумізден бөтен ешкім жоқ мұнда.
ҺАУА:
Жоқ секілді екеумізден басқа ешкім...
АСПАННЫҢ ДАУСЫ:
Көрінбейді көзін сүзген аш кескін!
ҺАУА:
Қарақат көп, бүлдірген де мол әлі.
АДАМ:
Әзәзіл жоқ –
Әлем тыныш болады...
ҺАУА:
Көкейімде көмескі бір нала бар,
Күнім бар ма көңілім бір тынатын?
Күдік шоқ қой, от болатын үрлесе:
Бізден кейін туатұғын балалар,
Біз тапқанды құртып талақ қылатын
Оңбаған сөз ойлап тауып жүрмесе?!
АДАМ:
Жан дүниемді жаһаннамға қамалап,
Зәремді алар ең зілді сөз –
Салауат!!!
ҺАУА:
О, Салауат!
О, зілзала Салауат!
Жүрген жерің – жаманат қой, Салауат!
Біреулерге бас игізіп – баспақ қып,
Біреулерді пендесің деп алалап –
Келесің бе аспан астын аралап?!
Тәңіріңнің Қаһарынан тізе бүктің сен неше,
Сол Салауат мына жаққа келмесе!
Олар...
Біздей Алла алдын көрген жоқ
«Салауат!» – деп айта қоймас ендеше?
Әзәзілдей әлек салмай тұршы, әрі!
Айта қоймас...
(Көкжиекке қарап)
Айтпаңдаршы...
Ақыл ғой...
Зілзаладан ұрықтанса бір сәрі
Махаббаттан жаратылып жатыр ғой!
Айта қоймас!
Шатастырма баланы!
АДАМ:
Кім біледі...
Айтса – айта салады...
ҺАУА:
Сенің осы пиғылыңнан шошынам!
Нәсіліміз бүлінсе егер осыдан...
Жамандықтан аулақ қылғай бетіңді,
Аузыңды ашсаң – асылық сөз не түрлі...
Махаббат пен Салауаттың, о, сұмдық,
Саған неге бәрі бірдей секілді?!
АДАМ:
Уа, Һауа,
Тергей берме сен мені,
Жек көремін фәлсафашыл пендені!
ҺАУА:
Саған түк те айтқам жоқ қой әлі мен,
Не ұғасың сен сөзімнің мәнінен?
Ең әуелі ауыз тиген мен ем ғой,
Ұжмақтағы «Білім» ағашы дәмінен?
АДАМ:
«Шашы ұзын да, қысқа әйелдің ақылы», –
Деп еді Аллам – таңдайыма татыды:
Тыйым салған сол жемістен жедің де,
Тақсіретін тартып жүрміз ақыры!
Сақта бізді тәңіріңнің кәрінен!
Неткен көзсіз, неткен сорлы, кәріп ем?
Сайтан да жоқ, Салауат та жоқ мұнда,
Кімнен сонда қорқа берем әлі мен?!
Уа, Тәңірі!
Құлақ салма сөзіме,
Саған емес,
Айтқаным ғой өзіме:
Жарқ-жұрқ етсе найзағайың аспаннан
Ашуыңдай елестейді көзіме!
Қара нөсер төбемізден саулаған,
Кемпірқосақ – көкжиекті қандаған,
Көзіме не елестейді?!
Молам ба?!!
Көзім – түнек,
Көңілім – түн...
О, Алла!
Айтшы маған қайда барып жан бағам?!
Уа, Һауа!
Түнде – түсім,
Таңда – әнім,
Сені көріп ақыл-естен танғанмын...
Сені көріп тәуба қылам,
Әйтпесе –
Жанымды алар Әзірейіл – жан-жағым!
Күш – құдайда!
Жоқ қой, Һауа, қолда – түк,
Өңім түгіл, түсім бітті сорлатып,
Тамағымнан өтер емес қорегім,
Көзімді ілсем Миқайылды көремін.
Жүреді ылғи бізге тәртіп орнатып!
Алла үніне сел-дауылың қосылып,
Әзірейіл мен қасқырларың қоса ұлып –
«Салауат айт» – дейді Әзірейілдер,
Атып тұрам сонда ұйқымнан шошынып.
Ал, сен болсаң кеудең толы – күй тұма,
Жатасың бір маужыраған ұйқыда...
Сені көріп сонда есімнен танғаным!
Жанымды алар Әзірейіл жан-жағым:
Мына мендей кім көтеріп жүр екен
Салауаттың зілдей ауыр салмағын?!
Айтшы маған!
Қайда барып жан бағам?
Саған қарап таң қалам да,
Көкке қарап – сандалам...
ҺАУА:
Қойшы, ей, Адам!
Ая мендей Мұңлықты,
Айта көрме қайдағы жоқ сұмдықты!
Алаңы жоқ мынау дүрия Дүниеге
Ап келдің бе құлдықты?!
Ұмыт деймін қасіретті, шеменді,
Күн нұрымен жу күнаһар денеңді!
Құтылып ем Қаһарынан тәңірдің,
Мұнда келіп пәле болдың сен енді...
Көзімнен бір ұшармысың, сайран күн?
Қайтсем – күпті көңіліңді жайлармын,
Ұжмақтағы көрген теперішіңді
Ұмыта алмай жүргеніңе қайранмын!
Мен – әйелмін еркегіне етене,
Нұр – Таңыңнан –
Нұр – Таңыңа жетеле!
Сенің осы қорқынышың, үрейің
Ұрпағыңнан –
Ұрпағыңа кете ме?!
Үрей ме еді – бүкіл өмірбаяның,
Қос қолымды енді кімге жаямын?
Ең құрыса шаранаңды аяғын:
Ауыр еді аяғым...
Қуат беріп Жерге,
Суға,
Ауаға,
мені адами рухыңмен дауала!
Қан жауа ма аспаннан,
Нұр жауа ма?!
Адам деген атыңа
Ата деген сөз қосам –
Адам – Ата боласың!
Мен болармын –
Һауа –Ана!
АДАМ:
О, Һауа... Ана...
Періштем һәм Перісің,
Тұла бойың –
Тұнып тұрған келісім!
Ауа!
Су!
От!
Дүниенің бәріне
Тағзым етіп басымды ием Сен үшін!
Аң-таң қалам ғажап сиқыр Ғаламға,
Сансыз елес сапырылған санамда.
Дүниеде сендей Әйел болмаса
Әлеміңнің керегі не Адамға?!
ҺАУА:
Адами пәк жүрегі бар, құлқыны,
Неткен жан ең қайғылы һәм күлкілі!
Кіндігіңнен тарайтынның біреуі
Бұлбұл болып сайрап берер бір күні...
Махаббаты, шапағаты бай – өңге,
Мұндай лебіз айтылды екен қай елде?
Енді туар адамзаттың үмбеті
Ғашық болып өтеді екен – Әйелге!
АДАМ:
Суға айтамын,
Отқа айтамын,
Ауаға,
Әйел біткен тартса екен тек –
Һауаға!
ҺАУА:
Мақтауыңды асырдың-ау, Жарықтық...
АДАМ:
Көресің бе?
Аспаннан нұр тамып тұр!
О, Дүние!
Құпияңа қанықтыр!
Маған тартып еркек туса егер де
Адам – Құдай сияқтанған алып қыл!
ҺАУА:
Қой...
Дірілдеп бара жатыр жүрегім!
Есіл-дертің – күш пен билік...
Білемін!
Не болса да о болсын сол шаранаң.
Құдай бола көрмесінші –
Тілегім!
Сенің ойың Сайтанменен ұрандас...
Қой...
Онан да көкейдегі күмәнді аш,
Адам болса жетеді ғой, қайтесің,
Құдай болса, қоқаңдамай тұра алмас!
О да көрер тәңіріңмен тіресіп,
Мәз-майрам боп сенше сүйіп – бір есіп,
Құтылатын құлдық дейтін елестен,
Ұрпақ керек айдарынан жел ескен,
О да Аллаға қолын жайып отырмас,
Анасы – Мен, Атасы – Сен емес пе ең?!
Кім біледі... қандай болар арыны,
Құлдық еді-ау әу бастағы қалыбы!
Тәңіріңе көп жүрдің ғой жаутаңдап...
Тимесе егер сондағының шалығы?
АДАМ:
Әуре болмай сен де ішіңнен құр тынып,
Күте бергін көздеріңе нұр тұнып:
Маған ұқсап көнбіс болса біреуі,
Саған ұқсап... біреу туар – жұлқынып!
Құдай болса...
Бола берсін!
Зіркілі –
Жер жармағай,
Таза болғай құлқыны!
Бір-біріне «Салауат!» – деп зікір сап,
Қодыраңдап жүрмесе егер бір күні...
Бұ жаққа да Жәбірейіл жете ме,
Әзәзіл кеп бәрін талақ ете ме?
Адам ұлы қолға билік тиді деп,
Сайтан құсап апыраңдап кете ме?!
ҺАУА:
Ойлап көрсем ой жетпейтін арғыны,
Естіледі шаранамның зарлы үні.
Құдай болса –
Құрығаны дүниенің!
Құл болады –
Қалғанының барлығы..,
Азап пенен Мазақ болар кіл алап,
Нәсіліміз бірін-бірі кінәләп,
Перілер кеп –
Періштені қуалап –
Топыраққа – Күл мен Қоқыс шыға қап.
Ана тілі орынында –
Дұға қап!
Жәбірейіл мен Әзірейіл төрге озар,
Махаббатың босағадан сығалап...
АДАМ:
Неткен жансың жүрегі – дерт,
шерлі – үні!
Естімеймін сөздеріңді ендігі...
ҺАУА:
Білем, Адам, өзі түгіл, Алланың
Атынан да қорқатының – белгілі!
Міне – Жерің!
Қасыңда тұр қай тәңір?!
Дүниенің шуағына бай – көңіл!
Сенің осы ой-пиғылың үрейлі
Ұрпағыңнан аулақ болғай, әйтеуір!
Көнемін де, қайтем басқа салғанға,
Қай тілегім қабыл болған жалғанда.
Бір-біріне ғашық болса бізге ұқсап,
Адамзатты басына алмас Аллаң да!
Қайтем енді құлқы кенет тарылса,
Құдайлардың құрсауына бағынса,
Миқайлдей бірі тәртіп орнатып,
Біреуі оған қол қусырып бағынса;
Бір-біріне күрт бұзылып реңі,
Бір-бірінен бөлек болып тілеуі, –
Жаһаннамға «Жан алам!» – деп зіркілдеп,
Әзірейіл боп шыға келсе біреуі;
Бір-біріне жау көргендей атылса,
Біреулері Әзәзілмен шатылса, –
Біреулері бір уыс қып аспанды
Исрафилше Ақырзаман шақырса...
АДАМ:
Қараң қалып һарам дүние қағынар,
Жан-жағынан жаналғышы жамырап,
Соры – көшер,
Жұрт орнында –
Бағы ғап...
ҺАУА:
Лағнатқа –
Лағнат!!!
(Найзағай жарқылдайды)
АДАМ:
Естіп қойдың-ау, сұм жалмауыз тағы... Қап!
ҺАУА:
Ести берсін!
Лағнатқа –
Лағнат!!!
АДАМ:
Біз өлгенде...
ҺАУА:
Һарам сөзді айтпа, Адам!
АДАМ:
Күнәмізді кешіре гөр. Сақтаған!
(Найзағай жарқылдап тұр)
ҺАУА:
Ес жи, Адам!
Аспан!
Сен де тұлданба!
Қара жөндеп қабағыңды аш-тағы:
Егер Сайтан пайда болса бұл маңға
Дүниені онда қара басқаны...
ӘЗӘЗІЛ:
(Көрінбейді. Алланың даусына салып сөйлеп тұр)
Қайда барсаң құтылмассың шеңгелден,
Ант етемін:
Айрылмайтын сендерден!
АДАМ:
Бұл кім?!
Мынау таныс дауыс, о, тоба!
ҺАУА:
Өтінемін, Адам!
Атын атама...
ӘЗӘЗІЛ
(Әлі Алла кейпінде):
Әй, Һауа-Қар! Желкілдеген тұлымы...
Жетпей қоймас құдайыңның құрығы!
Қай қиянға, қайда қашып кетсең де,
Менсіз өмір сүрмейсіңдер ғұмыры!
Мандымассың рахатқа тұшынып,
Алдыма кел – бастарыңды ұсынып!
Тіліңнен де,
Діліңнен де шықпаспын –
Өмір-бақи үрейіңді ұшырып!
ӘЗӘЗІЛДІҢ ДАУЫСЫ
Бұлар сөзін айтқан емес естінің,
Шариғаттан уағыз айту – кеш бүгін.
«Құдай – бізбіз!» – дегендерін осында
Мен –естідім...
Енді өзің де естігін!
АЛЛАНЫҢ ДАУСЫНА САЛЫП:
Құдай біреу.
Ол – менмін ғой...
ӘЗӘЗІЛДІҢ ДАУЫСЫ:
Уа, Алла!
Оның несін айтып тұрсыз бұларға?
Жан дүниең – жаһаннамға алаң-ды,
Жаман-жәутік ұстады ма жағаңды?
Адам түгіл,
Һауа түгіл қаршадай
Жаратпап па ең Бүкіл Мына Ғаламды?
Қалай осы бетіменен кетті Адам,
Соның жөнін түсіндірші тек маған!
Ести-ести есерлердің мылжыңын
Нағыз тәңірі осылар ма деп қалам?...
АЛЛАНЫҢ ДАУЫСЫНА САЛЫП:
Осы бетте құртайын ба көздерін?
ӘЗӘЗІЛДІҢ ДАУЫСЫ:
Асықпаңыз!
Естиікші сөздерін,
Қазір құртып қажеті не көздерін?
Өздеріне тұншықтырып өз демін,
Өздеріне өлтіртейік –
Өздерін!
ҺАУА:
Көресің бе Әзәзілдің бұлтағын,
Бізге тағы бүрке кепті бұл – қанын...
Өзегімнен өрге өмір өргізем,
Сен айтты деп... қырқыспайды ұрпағым!
ӘЗӘЗІЛДІҢ ДАУЫСЫ:
Не болса да, басқа салса көнесің,
Білем, ия... енді өсіп-өнесің,
Ең әуелі босанып ал!
Сонан соң –
Шаранаңның кім болғанын көресің...
(күледі)
АДАМ:
Уа, Тәңірі!
Қамқоршысы баршаның!
Дүниеге тыныштық деп жар салғын!
Өзіменен өзі жүрген жандарда
Нең бар еді?
Маза берші!
Шаршадым...
АЛЛАНЫҢ ДАУЫСЫНА САЛЫП:
Маза деме!
Аза сұра!
Берейін...
АДАМ:
Қойшы енді осы...
Не берсең де –
Көрейін!
ӘЗӘЗІЛДІҢ ДАУЫСЫ:
Уа, Аллам, ашуланба,
Сынаңыз,
Сыр бермейік,
Әзірше іштен тынамыз:
Көздеріңде жарқылдайды бір нәрсе –
Немене екен?
Соның жөнін сұраңыз!
АЛЛАНЫҢ ДАУЫСЫНА САЛЫП:
Жә!
Сендерге оқ атпайтын тасадан,
Аллаң барда – аспан тыныш, бас аман.
Тұрмысыңды көріп, жөндеп қайтуға,
Сөйлескелі өзі келді Жасаған.
О, Ұжмақтан қашып кеткен аш Адам,
Сені Ауаға,
Суға малып, балшыққа
Илеп-илеп өзім қолдан жасағам...
Қабырғаңнан Һауа шығып, болдық таң
Өзгеше боп жаратылды ол жұрттан.
Жер үстіне сендер келіп түскенде,
Ауа,
Су боп...
От болмады – сондықтан!
Артың – даңғыл болғанымен,
Алдың – жар,
Тозаққа кеп шаршадыңдар, талдыңдар.
Көздеріңнен көріп тұрмын мен бір от,
Айтшы, оны қайдан тауып алдыңдар?
Дүниенің ырыс-бағын шайқа
Кел!
Ұжмағыңа қайтам десең –
Қайта бер!
Әлде кімді сөгем десең –
Сөге бер!
Әндеріңді айтам десең –
Айта бер!
Періштенің өзін, тіпті, тең көрме,
Қу далада құрақ ұшып сенделме!
Ұжмаққа қайт!
Не бар мынау шерлі елде?!
Көзіңдегі Оттарыңды бер маған,
Мәңгі өмірді шашу етем сендерге!
АДАМ:
Жоқ!
Бермейміз!
Сұрама!
ӘЗӘЗІЛДІҢ ДАУЬІСЫ:
Ол – немене?
Сонша қымбат тұрама?!
(күледі)
АЛЛАНЫҢ ДАУЫСЫНА САЛЫП:
Кең болмаса тәңірі – тәңір несімен?
Екі боздақ шықпайды оның есінен.
Салауаттың дұғасына шыдамай,
Қашып кеткен күнәңді де кешірем!
Қастарыңда бола алмаппын әр күні,
Мезі етті ме Миқайлдың тәртібі?!
Періштелер беттеріңнен қақты ма,
Ұжмақ жақпай, – мына тозақ жақты ма?
Қайта-қайта Салауатын шақырған
Жәбірейілдің тізесі, әлде, батты ма?!
Әлде, ұжмақтан көңілдерің қалды ма,
Әзәзілге өкпең жоқ па, ал, мына?
Мен жоқ кезде «Жан алам!» деп өңмеңдеп,
Әзірейіл алқымыңнан алды ма?
Артың даңғыл болғанымен,
Алдың – жар,
Ия, білем, шаршадыңдар, талдыңдар.
Жанарыңда жарқылдап тұр жасын От!
Менсіз... оны қайдан тауып алдыңдар?!
ҺАУА:
Саған оның түсініксіз не екені...
АДАМ:
Қоймадың ғой!
Ол – Махаббат оты еді.
ҺАУА:
Адам!
Ұлы құпияны неге айттың?!
Енді біздің түбімізге жетеді?!!
АЛЛАНЫҢ ДАУЫСЫНА САЛЫП:
Ол – не сонда?!
ӘЗӘЗІЛДІҢ ДАУЫСЫ:
Сол – фәниді дауалар!
Басымызды, міне, осы жау алар:
Бірін-бірі сүйіп Жарық дүниеге
Қаптайды енді Адамдар мен Һауалар!
Қарайды олар тамам затқа тамсанып,
Ұрпақтары –
Ұрпақтарын қарсы алып –
Дұға менен құлшылығын тәрк қып,
Бүкіл дүние тұрады енді ән салып!
Қалмайды енді қасиеттің құны түк,
Саған...
Маған қабақтарын суытып –
Махаббатқа бас иеді енді олар
Құдайды да,
Құранды да ұмытып!
Құдай!
Саған қолын сілтеп жүр көкіп,
Ұшады олар,
Қонады олар үлп етіп,
Жаһандағы жамандықтың барлығын
«Әзәзіл» деп атайды енді күлкі етіп...
АЛЛАНЫҢ ДАУЫСЫНА САЛЫП СӨЙЛЕЙДІ:
Осы бетте құртайын ба көздерін?!
ӘЗӘЗІЛДІҢ ДАУЫСЫ:
Өздеріне өлтіртейік –
Өздерін!
АЛЛАНЫҢ ДАУЫСЫМЕН:
Қалай?
ӘЗӘЗІЛ:
Оңай!
Оңдырмаймыз оны біз!
Өзіңізге құл қып ұстау ойымыз:
Дүниеге келетұғын нәсілін
Бас-басына құдай қылып қойыңыз!
Асау жаны кеудесінде алқынған –
Жосқын болсын жоқшылықта шарқ ұрған;
Азын-аулақ ақсүйегін ойлап тап –
Аузы-басы көрінбейтін алтыннан!
Өлтірерде – естен тандыр –
Асықпа!
Миғұла ғып миын әбден ашыт та –
Біреуіне алтын сарай сал-дағы,
Біреулерін лақтыра сал лашыққа...
Қолда барды шаша салма!
Бұлдай біл!
Қайда жүрсең – Әзәзілді тыңдай біл:
Шексіз өктем билік бер де біреуге,
Біреулерін бәрінен де жұрдай қыл!
ҺАУА:
Лағнатқа –
Лағнат!
АДАМ:
Уа, Һауа!
Бекем болшы өзіңе,
Қарап тұр ма ғалам соның сөзіне...
АЛЛАНЫҢ ДАУЫСЫМЕН:
Әзәзілім!
Сөйле!
Оларға қарама!
ӘЗӘЗІЛДІҢ ДАУЫСЫ:
Болсын быт-шыт!
Бүлдір бәрін!
Алала!
Құс жастығын лақтыр өртке, далаға!
Алала!
Табала!
Қарала!
Арамзаға талаттырып Пәктігін,
Дәлдүрішті қарсы қойғын – Данаға!
Шаранасын – анасына өшіктір,
Балаларын – бабасына өшіктір!
Тиген жерге адамзаттың аяғы
Ауру болып,
Аштық болып көшіп кір!!!
Ошағының түтіндерін бықсық қып,
Мұрындарын қан жалатқын –
шық-шыт қып!
Ұлысқа бөл!
Руға бөл!
Ұлтқа бөл!
Қырымға бөл!
Жырымға бөл!
Қыртқа бөл!
Қайтсең-дағы басын қоспа быт-шыт қып!!!
Тозақта бол!
Ұжмақта бол!
Түзде бол!
Өлтіретін бір нәрсені... іздеп –
Өл!
Ғаламзатты қырық мыңға бөлшектеп,
Адамзатты ақымақ қып –
Жүзге бөл!
Жуан-жуан жұдырыққа –
Күшке бөл,
Түрлі-түрлі бояуға бөл,
Түске бөл!
Қосылады егер бөлсең екіге,
Басы қосылмасын десең –
Үшке бөл!
Құнсызының құлқындарын күйлей бер,
Бөлшек қылып бөліп ал да –
Билей бер!
Тегеурінді дегендерін тұқыртып,
Күлді-көмеш құрты болса –
Сүйрей бер!
ҺАУА:
Уа, Адам!
Арысым!
Естіртпеші Әзәзілдің дауысын!
Жаның бар ма?
Қой десеңші анаған!
Дүниеге келгелі тұр шаранаң...
(Талықсып құлайды. Шырылдаған сәби үні
естіледі, Найзағай жарқылдап тұр).
Кіндігін кес!
АДАМ АТА:
Шырылдаған шарана!
О, Таза Ауа!
О, Дала!
О, Жай Оғы!
Аулақ! Аулақ!
Жолама!
Мынау Ақзер дүниеге шырылдап,
Жылап келуге бола ма?!
Не айтайын ата боп бұл балғынға?
Жеріңді көр,
Жата тұрғын шалғында...
ӘЗӘЗІЛДІҢ ДАУЫСЫ
Ха–Ха–Ха–Ха!!!
Не бар оған, ал, Мұнда?!
Оны... Тамұқ күтіп тұр ғой алдында!
ҺАУА АНАНЫҢ ДАУЫСЫ:
(талықсып естіледі)
Адам! Ата!
Сөзіне оның сенбе сен!
АДАМ АТА:
Неге өмірге жылап келді ендеше?
ӘЗӘЗІЛДІҢ ДАУЫСЫ:
Мәңгі-бақи ұмытпаспын бұл түнді!
Ойлайтұғын қу қарын мен құлқынды,
Дүниеге тағы да бір құл туды!...
ҺАУА АНАНЫҢ ДАУЫСЫ:
Өмір бүгін белдесуде өліммен,
Аузын жапшы!
Көзде – жасым төгілген...
АДАМ АТА:
Қасымда емес... сөйлеп тұр ғой көгіңнен?
ҺАУА АНАНЫҢ ДАУЫСЫ:
Ақ, қараны кім айырар белгі сап?
Адам!
Саған айқай салар келді сәт!
Әзәзілдер сөйлегенде, үмбетің
Өстіп үнсіз қалар ма екен сен құсап?!
(Адам ойланып тұр)
ӘЗӘЗІЛДІҢ ДАУЫСЫ:
Қалады үнсіз!
Сен білмесең...
Мен – білем!
Иланбасаң, оған қалай сендірем?!
Бұдан кейін кездеспеспіз жекпе-жек,
Жер мен көкте сөйлеспеспіз бетпе-бет,
Көздеріңе көрінбеспін енді мен!
Бұл фәниді басар әлі зіл түні!
Естірсіңдер ессіз зұлмат күлкіні,
Бірінің етін бірі жеген хайуан,
Сендерге де сөйткізермін бір күні...
Көзімнің алды тұлданды:
Хайуандық жайлар бұл маңды!
АДАМ АТА:
Біздің Ана тілімізде, о, сұмдық!
Пайда болды ХАЙУАНДЫҚ деген сөз!
Естимісің,
тірісің бе, Һауа–Ана?!
ҺАУА АНАНЫҢ ДАУЫСЫ:
Тоқта!
Үндеме...
Тарамасын Ауаға!
(Һауа Ананың талықсыған, шарананың
шырылдаған үні қоса естіледі).
ӘЗӘЗІЛДІҢ ДАУЫСЫ:
Тірлігіңде бола қоймас маза бір,
Қабіріңде қақсап тұрар аза жыр!
Аллаң ойлап таба алмаған сұмдықты
Мен табармын...
Менің атым – Әзәзіл!
Сол сойқаным, міне, бүгін басталған!
Опыр-топыр болар ғалам сасқаннан:
Дүниенің иесі мен – Әзәзіл –
Алла болып сөйлеп тұрған аспаннан...
Періштеде, пендеде жоқ реңмен
Туа салып тығырыққа тірелгем.
«Тіршіліктің түбіне бар, сен жет!» – деп,
Аллам мені Сайтан қылып жіберген...
Су...
От...
Ауа...
Жер – Ана...
Күн...
Махаббат...
Һауа – Ана...
Мұның бәрі қалады әлі далада!
Оны тіпті түсінбейтін болады
Шаранаңнан туатұғын шарана...
Егер біреу жырлай қалса, обалы –
Тек – өзіне: сор боп тиер сол әні:
Тілін кесіп тастармыз біз! Немесе –
Естімей-ақ қоюға да болалы...
Өздеріне тұншықтырып өз демін,
Өздеріне өлтіртеміз –
Өздерін!
Бересі де жоқ, өмірден аласы,
Таусылмайтын кикілжіңі, таласы –
Жердің үстін, Аспан астын ылаң қылып –
Бір-бірінің етін жейтін мәңгілік –
Туды бүгін адамзаттың баласы...
(сақылдап күледі)
ҺАУА АНАНЫҢ ДАУЫСЫ:
Лағнатқа –
Лағнат!!!
(Шарана шар-шар етеді. Найзағай жарқылдап,
нөсер құйып тұр. Адам-Ата үнсіз...





Пікір жазу