20.08.2022
159
![](/uploads/shorttexts/author_image/118936239-3005264913033768-7346388476001674305-n[1].jpg)
Әдемі, әсем әлем-ді
Әдемі, әсем әлем-ді
Түндерде
Тал-түс
Ақ таңда –
Сүйдім мен небір әйелді
Құшақтап гүлзар бақтарда.
Еріні оттай күйдірген,
Емем деп соны – құрыдым:
Қара көз қызды сүйдім мен
Тарқатып қара бұрымын.
Сарыауыз қуға ұқсатпа,
Саңлақ сезімнің сардарын:
Талықсып жатты құшақта
Тамылжып атқан таңдарым.
Қиядан саған жеткенмін,
Құнығып сезім, ой, мүлдем,
Қылықты келіншектердің,
Қызығына тоймай қойдым мен.
Арғымақ – жүрек арқырап,
Жұлдызша ақтым жарқырап,
Жапырақша жаттым қалтырап,
Тасқынша таудан сарқырап:
Ернінен сүйдім бал құрақ,
Ерінен, сүйдім, тартып ап!
Базарын көріп жер-көктің
Байланып қалды тіл, мүлдем.
Аруды сүйген еркектің
Арманы жоғын білдім мен...