20.08.2022
  88


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

ЕРУЛІКТЕ ОҚЫЛҒАН ӨЛЕҢ

Қаратаудың басынан көш келгенде –
Жоқ едім мен.
Көшкен сайын бір тайлақ бос келгенде –
Жоқ едім мен.
Әлі күнге өзегім өртенеді
Еңіреген «Елім-ай» өлеңінен.
Талғыр қырда тағы бір көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.
Көзі-басы уайым, көңілі – пәс,
Көштен басқа көрмеймін ештеңені.
Елі егемен болған соң,
Өсіп көңілі,
Жұртқа тастап киелі есік-төрді, –
Бақан ұстап қолына, басын алып,
Балтабай да қалаға көшіп келді.
Киіз туырлықты қазақпыз замандардан,
Маған қонған сол кие, – саған қонған;
Киіз үйді тігіп ал!
Түркі жұрты
Сонымен де сан жұттан аман қалған.
Цивилизация – айдаһар,
Араны – ашық!
Қарап қалсын аң-таң боп қара басып:
Майқұдықтың ТЭЦ-інің түтініне
Киіз үйдің түтіні араласып;
Аңыраса Ақтоғай – Абыралы
Тәубесі де жетеді, сабыры – әрі.
...Құдайға шүкір, –
Әйтеуір құламай тұр
Батталғазы марқұмның шаңырағы...





Пікір жазу