ШАТЫРША АЙҒАЙ САЛАДЫ АЙДАЛАДА
Рымбек Жүнісовке
Аға, сен қалаға бардың.
Мен де қалаға бардым.
Шатырша – далада қалды...
Басы тіп-тік жақпар да,
Жоны – қырат,
Жерге түскен иықтан қолы құлап, –
Шатырша айқай салды айдалада,
Естіп жатқан ешкім жоқ оны бірақ:
«– Шатыршаның қашанда сайран – басы,
Сайрандашы, күрсінбей, жайраңдашы.
Мына ел қайда барады-ей, жосып осы,
Қай бұтада қалады, ей, қайран басы?!»
Жыр қамында жүргенде, ой қамында,
Елден шалғай осы бір қойлы ауылда,
Елжіреп бір еліктей лағына
Асыр салғам мен де оның қойнауында.
Шатыршадан түстім де,
Шалғай көктің,
Түбін кезіп, дүниеден зарлай да өттім.
Әлгі сұлу сол тауға соқпаған соң,
Мен де өкпелеп ол тауға бармай кеттім.
Таудың қызы,
Тау – оның қара нары,
Таудан тауға өрмелеп барады әлі.
– Шатыршада кім қалды, ей?!
...Арақ сатып
Осында жүр қаптаған балалары.
Осында жүр қызы да, боз бала да,
Кемпір-шал ғой қалғаны – боз далада.
– Қалай деймін – Шатырша?
– Орнында ғой...
Е, Шатырша орнынан қозғала ма!
– Сайрандаса – осылар сайрандасын,
Жайраңдаса – осылар жайраңдасын.
Тырқыратып тектімді қуып тастап,
Тексізбенен қалды ғой, қайран басым!»
Деп жылайды қайран тау, жоны қырат,
Жерге түскен иықтан қолы құлап.
Шатырша айғай салады айдалада,
Естіп жатқан ешкім жоқ оны бірақ.
Аға,
Ақынмын деп мен неге қалаға бардым?
Әкіммін деп сен неге қалаға бардың?!
Жыланды – далада қалды...
Қызыларай – далада қалды...
Шатырша – далада қалды...
Қайда барар қайран ел,
Құрағына,
Тауына да қарамай, бұлағына?!
Шатыршаның осы бір жанайқайы,
Шалынса екен құдайдың құлағына.