20.08.2022
  114


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

ӘЙЕЛДЕР

Қалайша үй боп отасты,
Қайтесің құдай қолдаса:
Атамыз Адам – топтас-ты,
Анамыз Хауа болмаса...
Патшалар залым, желөкпе,
Салмады қырғын қай елге?
Еркекке соғыс керек те,
Тыныштық керек – әйелге.
Баяннан артық кім керек
Жиделібайсын бай елге.
Еркекке – қара түн керек,
Гүл керек – сұлу әйелге.
Алқынып асау қос өкпе,
Малшынып тәнді тер өпті:
Еркекке – ыстық төсек те,
Әйелге – ұрпақ керек-ті.
Анамыз айтқан ертекке,
Еміреніп ғұмыр сүрген ек.
Қара сөз керек – еркекке,
Әйелге – әсем жыр керек.
Арулар келсе алдыма
Алқызыл нұрға бөленді.
Жырымды жаттап алды да,
Аспанға ұша жөнелді!
Аспанға мәшһүр Ай өңі,
Бәрі де соның әдемі:
Небір батырдың әйелі
Небір әкімнің әйелі.
Өздері құшқан бұрымды,
Өмірді сүйдім – түсімдей!
Әйелдер сүйген жырымды
Әкімдер қойды-ау түсінбей...
О, Музам, сыймас заңға онша!
Пенденің сөзі – сөз бе еді:
Өзіңді сүйген жан болса
Өртемей қоймас өзгені!
...Қалайша үй боп отасты,
Қайтесің құдай қолдаса:
Атамыз Адам – топас-ты
Анамыз Хауа болмаса...





Пікір жазу