20.08.2022
  135


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

ЕРКЕКТЕР

Бойы – сұңғақ,
Көзі де үлкен,
Кірпігі,
Мынау алып қай сұлудың шіркіні?
Алшаң-алшаң атан түйе сықылды,
Ақтоғайға еркек келді бір күні!
Еркек елден артық деуші ек несімен,
Осы екен ғой... Мысы басты сесімен:
Жүргендей-ақ ергежейлі елінде,
Қыз-келіншек танып қалды есінен.
Еркектен де соңғы тұяқ бар әлі,
Көздерімен бізді ішіп-жеп қарады.
Елде еркек боп, мәз боп жүрген жігіттер,
Мұны көріп жүнжіп, жүдеп барады!
Кеуде қандай!
Қолы қандай!
Аяғы...
Қас қырандай қасымызға таяды.
Құртқа аруын тәнті қылған, құдай-ау,
Қобыландың осы шығар баяғы?
Нағыз жігіт Шәміл дейді тау елі.
Әсем дейді ел Жәнібектің әуені.
Ақын дейді жұдырықтай Жұматай,
Оны қайтем?
Еркек болсын әуелі!
Деп жүргенде...
Жыртайын ба бетімді,
Әлгі еркектің көрдік ісін не түрлі:
Айтатыны – өсек-аяң, өтірік!
Бойын қайтем?
Ойы – қатын секілді!
Неткен күйкі, неткен отсыз жанары,
Түр-тұлғасы кішірейіп барады,
Өткен – өтті, уақыт тезге салады,
Көңілімізде біздің күдік бар әлі:
Ол келгенде неге біздің жігіттер,
Абдырап қап, аяғына қарады?!
Мамонттардай маң-маң кезген даланы,
Жер бетінен еркек құрып барады...





Пікір жазу