20.08.2022
116
![](/uploads/shorttexts/author_image/118936239-3005264913033768-7346388476001674305-n[1].jpg)
Айдын көлде жалғыз аққу қаралы...
Айдын көлде жалғыз аққу қаралы,
Мұңға толы, сырға толы жанары.
Аққу – дүние сыңарсыз қап, сұраусыз,
Тауық – дүние жұмыртқалап барады.
Өңімде де, тіпті түнгі түсімде,
Менің бейнем – құс қанатты пішінде.
Әкем – Сұңқар, шешем – Аққу болса да,
Жүрем ылғи қарғалардың ішінде.
Құлақ сарсып, құзғын, қарға шуынан,
Тостағандап жұта бердім уынан.
Қанаттының бәрін құс деп ойлай ма,
Қайран Алаш – аққу ұшқан нуынан.
Соның шерлі өксігінен қоздап жыр,
Басымыздан бір-ақ күнде озбақ жыл.
...Айдын көлде жалғыз аққу қаңқылдап,
Алашымда азалы ақын боздап жүр...