20.08.2022
106
Құл мен күңнің түсігі!
Құл мен күңнің түсігі!
Затсыз бен тексіз – қасыңда;
Сен қайтушы едің кісіні –
Кісілігің жоқ басыңда?!
Басын имейтін жаманға
Мен де бір сотанақ сотқармын.
Уәзір болар ем –
Хан билеген заманда,
Құл биледі –
Құлға күлкі боп қалдым.
Шаңырағым – иесіз, Тұл – дала.
Басылғаны-ай мысымның,
Қаратабан құлға да
Құл керегін – түсіндім.
Замана өтті,
Өрті – ұмыт.
Кек алар кезім келді деп;
Өз бауырын – өзі өлтіріп,
«Бауырым-ай...» дейді енді кеп!
Маңдайы неткен тайқы еді,
Боздақты жоқтау қай теңі?
Алашты бұлар қайтеді,
Абайды бұлар қайтеді?!
Ойым – ойран да,
Санам – дерт.
Айығудың содан, айт, емін.
Мынау қу тобырға жағам деп,
Құл болайын ба, қайтемін?!
...Бас емес – басым –
Қорғасын.
Көтеру қиын, қарағым.
Өңезге иілмей өр басым
Өмірден өтіп барамын...