20.08.2022
  114


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

Біржан салды байлап тастап...

Біржан салды байлап тастап,
Поштабайға қамшы ұстатқан қазақтан,
Ақын туса – көз ашпайды азаптан.
Шер мен шемен, – шаңырақ та, жонда да.
Ата-бабам арманда өткен бақыл боп.
Қасақана әкім болмай, сонда да
Кеттім мен де ақын боп.
Жерді айналған Күн де күңгір, Ай да оңбай,
Басқа қонған бақ құсын да тептім мен.
Қасақана мыңды айдаған бай болмай,
Ақын болып кеттім мен.
«Қойшы, Серік, сандалма» –
Дедім талай, дегенменен, дедім мен.
Қайта тусам мынау опасыз жалғанға,
Ақын болар едім мен!
Тұраныңда туғасын
Еншім – осы енді, өмір.
Құлагердің құшақтаған қу басын
Ақан да – бір, мен де – бір.
Не демейді ел шуласып,
Тезге сап көр, ал, оны?
Құлагердің жұртта қалған қу басы –
Тұғырлардың тұяғынан әдемі!
Пері соққан десін, ал, кеп шуласын,
Несіне оның күйем мен?
Құлагердің құшақтап ап қу басын,
Перизат деп пері қызын сүйем мен!
Біржан салды байлап тастап,
Поштабайға қамшы ұстатқан даланың
Шаранасы мен деген.
Осы жұртта қаламын!
Не көрсем де көрем осы елменен...





Пікір жазу