МАҒЖАН – 100
Зілзалалы ғасыр өтті сонымен.
Оп-оңай-ақ жөнер деп ем оны мен?
Сен аңсаған азаттықты Алашқа
Алла өзі бере салды қолымен.
Құл-құтаннан кіл бекзатым құралып,
Алла жазса ел болармыз бір алып?
Сен түрмеден түркі рухын шығарсаң,
Біз де мәзбіз –
Ішек-қарынды шығарып...
Ел де тыныш:
Азаттық деп қақсамай.
Бас – зілмауыр.
Шаш – бурыл,
Ақ – самай.
Итаяқтан сары су ішкен мына жұрт –
Хрустальдан шарап ішкен патшадай!
Кер заманым кетті алып зықымды.
Бұ заманның дерегі жоқ сықылды,
Бұдан басқа берері жоқ сықылды.
Пушкин – кетті... Келместей боп кетті ме ол?!
Абайдың да керегі жоқ сықылды!
Ғаламдағы ел ме екенбіз ең ұлы,
Тентегі де басқа жұртпен тең, ірі?
Көрім болды құтылғаным Колбиннен,
Елде қалған Елтайға жер кеңіді...
Муза – мұңды
Зіл басады денемді.
Мағжан марқұм, кешіре гөр сен енді:
Алла қайта қазақ қылып жаратса
Дүниеге келмес едім мен енді...