20.08.2022
  104


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

Базарға кетті менің бір досым ақылды....

Базарға кетті менің бір досым ақылды,
Автомен тасып арағын, адуын қатынды.
– Елім-ай! –
Дейді егіліп кейде ішіп ап,
...Бала кезінде бұ да өлең жазған пақыр-ды.
Қорланып алып, қозыкөш озып көп елден,
Көрші – қолаңның қолпашына да бөленген.
Балапан – басы, тұрымтай кетті – тұсына.
...Мен ғана қалдым күллі жұрт безген өлеңмен.
Көз еті өсіп күптей боп – майлы еттеніп
Өзінен-өзі қарайды неге кектеніп?
Мен сонау қайран балалық шақты сағынам,
Қырықтан асқан қырқылжың кезді жек көріп.
Хан базардың да төріне тігіп қосын кеп,
Кердеңдеп кетті керемет көңіл хошым деп:
«Анау бір сері менің бір әкім досым» деп,
«Мынау бір пері менің бір ақын досым» деп.
Кердеңдей берсін.
Кере де берсін қасын да
Қай баламенен ойнамап едім жасымда?
Моцарт жоқ менде.
У қосып шарап беретін
Құдайға шүкір, Салъери қалды қасымда.
Айта да берсін аңыз ғып күнде атымды.
Пендеден безіп,
Музамен қалған мақұл-ды.
Елім-ай! –
Дейді егіліп кейде ішіп ап,
...Бала кезінде бұл да өлең жазған пақыр-ды.





Пікір жазу