20.08.2022
  74


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

РЕЗЕРВАЦИЯ

Көзі көріп, естімейтін құлағы,
Кілең тұғыр, жоқ сәйгүлік, пырағы,
Көздерінде күдігі мен сұрағы –
Мына жерде нендей ұлыс тұрады?
Көзін арбап күн көрістің зары әлі,
Айдаһардай ашылады араны.
Қатындары еркекке ұқсап қалайша,
Еркектері қатын құсап барады?!
Тілінен – бал, зәрін шашып – тісінен,
Кездессе бір кесірлілеу кісімен, –
Қорғалайды қордан туған баладай,
Жорғалайды аяғының ұшымен...
«Патшаға – құл, құлға – патша» – ұраны,
Түгі шыққан түсі суық, сұр – әрі.
Қалмақтардың хонтайшысы секілді
Атқа мінсе адыраңдап тұрады!
Күнде белмен өрдің шығып тозаңы,
Құлагерден Құламәстек озады
Әкім көрсе құрақ ұшып жүгіріп,
Ақын көрсе албастысы қозады...
Кілең – тұғыр, жоқ сәйгүлік, пырағы.
Абайы жоқ.
Алласы жоқ,
Құраны.
Көзі көріп, естімейтін құлағы,
Мына жерде нендей ұлыс тұрады?!





Пікір жазу