20.08.2022
  93


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

ЕСЕНҒАЛИДЫҢ АЛМАТЫҒА КЕЛУІ

Аузын ашса –
Өзегінен өлең төккен шәйірді,
Цивилизация домбырадан айырды.
Алматыға келген жандай шет елден,
«Қазақпын» деп кіре кеуде көтерген,
Өлеңдетіп сәлемдескен деседі,
Тіпті, декан Қожакеев көкеңмен.
«Мынау келе қырмай кетсе – жарады...»
Көкем оған ала көзбен қарады.
...Қаратаудан жылан көшті сол жылы,
Алатаудан жасын ойнап барады.
«Мұқағали қайда?!» – депті... Ел мұны –
Түсіне ме, о да ақылдың кемдігі.
Қадағаңды оқымаған, оқыса –
Оның бұлай сөйлемесі белгілі.
Шөмішбайлар классикке бергісіз.
«Ал, сіз...
Бала!
Қайдан келген шерлісіз?!»
Кіре мынау – шулатқаны...
Кейіннен
Тағы нені бүлдірері белгісіз!
Шөмішбайды айт – классикке бергісіз!
«Домбырасыз қазақта ақын болмайды!» –
Депті тағы...
Кім естіген ондайды!
Жарасқандар Қадағаңнан сарнатса,
Мынау – сонау Қашағаннан толғайды.
Кезіп Ташкен – Келінтөбе қолатын,
Сұмдық ойға батып келді сол ақын.
Мұқағали ішіп жүрген бұл кезде,
Мағжан да «халық жауы» болатын...
Келген жұрты – Күлтегіннің жұрты еді.
Соңғы тұяқ неден шошып, үркеді.
Түп-тұқиян, зәузатымен қырсаң да
Түбін таппай қоймайды екен түркі елі!
Е, мына жұрт – Қазтуған сайран салған жұрт,
Бабырға еріп, жер түбіне барған жұрт.
Есін жиып алмай қоймас қалған жұрт!
Қайран да қайран Қазтуған сайран салған жұрт.





Пікір жазу