20.08.2022
  89


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

Ұқсайтұғын археолог, ақынға...

Ұқсайтұғын археолог, ақынға,
Жүретұғын таста, таудың шатында –
Бір күні Әбең аупарткомның залында,
Айтып салды Жамантай хан хақында.
Ішінде көп шері менен асылы,
Мінбе мініп шабыты оның тасыды.
Машановтың шөбересі болған соң,
Тау менен тас болып алған машығы.
Таяқ жеген талай мәңгүрт соқырдан,
Кездері көп өкінген де, опынған.
Аупарткомның хатшылары үн-түнсіз,
Оның сөзін ұйып тыңдап отырған.
Жария заман,
Тоқтатар кім оны енді?
Жайып салсын тоз-тоз болған көнеңді.
Кенет залдан біреу атып тұрды да,
Жау көргендей «Аттан!» – сала жөнелді.
– Жолдастар-ау, келейік те ақылға,
Не боп барад...
Не болады жақында?
Аупарткомның кеңсесінде, керауыз
Неге айтады Жамантай хан хақында?
Партия деп басымды имей қасыма,
Мен де келдім пайғамбардың жасына.
Жамантай хан жауы емес пе Кеңестің?!
Мынау соның шақырып тұр басына!
Өші бардай өршеленіп тарихқа,
Хандық қайтып келетіндей ғайыптан,
Жамандаған Жамантай хан марқұмды,
Кім бұл десек – кәдуілгі Айыпхан...
Қалған қатып айта да алмай халық түк.
Айналасын әруағы жарық қып,
Бір аунады-ау қабірінен сол күні,
Жамантай хан жарықтық.
Шежіреден шер тарқатқан іш налып,
Әбекең тұр түсі қашып, сұстанып.
Отыз жеті... болса егер, о, сұмдық,
Осы қазір кетер ме еді ұсталып?!
Айекең тұр тісі тимей тісіне,
Елтай құсап мініп қаһар күшіне.
...Сталинді танымайтын Жамантай,
Түні бойы кіріп шықты түсіме...





Пікір жазу