Тәте, менің түсімді жорыдың ба..
Тәте, менің түсімді жорыдың ба,
Жиі барам ескі жұрт қорымына.
Біздің үйді біреулер бұзып жатыр,
Алтын сарай салам деп орынына.
Мас баланың кесірлі кескін-өңі,
Тоқтатпады сол елден ешкім оны.
Әкем шығып қабірден айғай салған,
Әлгі есалаң дауысын естімеді!
Ескі жұртта қай қымбат асыл қалды?
Сенің көзің, менің – көз жасым қалды.
Қырықтағы қып-қызыл орамалың
Оттай болып көзіме басылған-ды.
Жасыны ойнап Ойрантау күркіреп тұр,
Ақжарықта ақ нөсер сіркіреп бір;
Ақсораңым абдырап, Алла білсе,
Ақсұңқардың көшкен бір жұрты деп тұр.
Көрмедің-ау, Тәте, сол зіл алабын,
Туған үйдің дүңк етіп құлағанын,
Туған үйім дүңк етіп құлағанда
Туған жердің еңкілдеп жылағанын?
Жүрмін қазір кеудеме бір ағын кеп,
Жүре берсем енді күрт сынамын деп,
Ақжарыққа жетіп бір айғай салып,
Аспан астын күңірентіп жылағым кеп.